Жаңа әліпби нұсқасы негізінде Шайсұлтан Шаяхметов атындағы республикалық орталық қызметкерлері және сырттан шақырылған тұрғындар арасында бірнеше рет апробация жүргізілді.
Бұл туралы Мәжілісте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау барысында аталған орталықтың директоры Ербол Тілешов мәлім етті деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Жаңа әліпби нұсқасы негізінде Шаяхметов атындағы республикалық орталық қызметкерлері және сырттан шақырылған тұрғындар арасында бірнеше рет апробация жүргізілді. Оған қатысушылардың көпшілігі осы нұсқаға қолдау білдірді», – деп атап өтті тілдерді дамыту республикалық орталығының директоры.
«Қазақ әліпбиінің латын графикасындағы нұсқасын дайындау бойынша әртүрлі сала мамандарынан, мекемелерден көптеген ұсыныстар болды. Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таңдауда ең алдымен ғылыми принциптер негізге алынды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен практикасына құрылған нұсқа таңдап алынды», деді ол.