Қостанайда ер адам ажырасып кеткен бұрынғы әйеліне қол салды.
Жымысқы әрекетін іске асыру үшін ол қасына екі сыбайласын ертіп барған деп хабарлайды Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.
“Телефон арқылы П. күйеу баласына досын ертіп келіп, бұрынғы әйелін өлтіруге көмектесуді сұрайды.
„Біреуі аяғын, екіншің қолдарын ұстап тұрсаңдар болды, мен басты істі тындырам, оны өз қолыммен тұншықтырамын„ дейді.
Күйеу баласы бұған келісе кетеді”, — деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Сол күні сағат 18.00-кезінде П. тағы да күйеу баласына хабарласып, оны шақырып алады. Бұл кезде П-ның бұрынғы әйелі мас күйінде ұйықтап жатқан.
“Кісі өлтіру алдын ала келісілген жоспар бойынша орындалған. Ер адам ұйықтап жатқан бұрынғы әйелін жастықпен тұншықтырады, ал қалған екеуі әйелді ұстап тұрған”, — делінген хабарламада.
Ер адамды мұндай қадамға не жетелегені әзірге белгісіз.
Сот үкімімен үшеуі де ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлігі, 3,7-пункттері бойынша айыпты деп танылды.
Бұрынғы әйеліне қол салған азамат 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал жанындағы сыбайластырының біріне 16 жарым жыл, тағы біріне 15 жыл бір ай кесілді.
Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.