Иә, бұған біреу қарсы, біреу жақ. Анығы, әркімнің айтары бар. Қайда болмасын, қашан болмасын қызу талқыға түсіп жатқаны. Тоқал тақырыбы. Еркек. Әйел. Еркектің бір емес, бірнеше әйел алуы. “Бола ма, болмай ма?” дегенге тіреліп тұр.
Осыған қатысты zamana.kz-ке пікір білдірген тарих ғылымдарының кандидаты Сапарбек Саховтың (суретте) ойы өзгелерден ерекше екен. Несімен? Оқығанда білесіз…
Қазақта еш заманда болмаған ажырасу «рекорды», бала-шағасын тастап кету мен алимент төлемеу деңгейлері сүйегін тастамайтын да қорламайтын халықта қай уақытта болып еді? Осы, тағы басқа да айтылмыш мәселедегі «бардак» бізде қай дәуірде әлеуметтік дәрежені алқымдап еді?
Мен материалдық мүмкіндігі мен моральдық бет-бейнесі таза және жеке өміріне өте қажет азаматтың екінші жанұя құрғанын шын пейілмен қолдаймын.
Егер шын мәнінде айтылған шарт пен қажеттіліктен туындаса (қатынқұмарлықтан емес). Қажеттіліктен гөрі қатынқұмарлық басым болған жағдайда бәрібір босағасы берік, уығы сенімді, шаңырағы еңселі болмайды. Ондай жанұяда береке де, болашақ та бола қоймайды. Екі ортада туындайтын түрлі жанұялық проблемалардың қайнар көзіне айналады.
Сондықтан да мемлекетіміздегі жанұя мен неке туралы заңды не қайта қабылдап, немесе, іс-қимылдағы нұсқасына түбегейлі өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет сияқты. Қазіргідей бір көзбен қарасаң аталмыш заң бар сияқты, екінші көзіңмен қарасаң ол жоқ сияқты.
https://kaz.365info.kz/k-jeuimni-to-al-al-anyna-amalsyz-k-ndim-foto-239135
Неке, жанұя заңын жаңадан түлету барысында, біріншіден, екінші (үшінші) жанұяның құқықтық талабын, жұбайлардың жауапкершілігін, бала-шағасы, мемлекет алдындағы міндеттерін теңестіру арқылы олардың легитимдігін, моральдық статусын қамтамасыз ету қажет.
Өткен замандардағыдай бәйбішені биік қойып «қоңқылдататын», тоқалды шөмішімен «тоңқылдататын» феодалдық қоғамдық қатынаста емеспіз.
Неке де – бейресми діни емес, ресми мемлекеттік акт.
https://kaz.365info.kz/shetinen-topas-talgat-temenov-tokhal-filminin-maskharasyn-shygardy-256976
«Азаматтық неке», «діни неке» деп заңсыздықты асқақтататын түсініктерге құқықтық анықтама және баға беру керек. Қазіргі заңда ондай атымен жоқ. Бұл түсініктер оң ба, теріс пе? Моральдық-құқықтық құндылықтарға сәйкес пе, жоқ әлде, қарама-қарсы ма? Ф.Энгельс кезінде «азаматтық неке» түгілі есеппен тұрған заңды некенің өзін сайқалдық деп есептеген. Ол кісінің пікірінше, сайқалдар тәнін күнде сатады. Ал есеппен некеге тұратындар да сатады, айырмасы күнде емес, тек бір-ақ рет, өмір бойына сатады.
https://kaz.365info.kz/seks-kino-to-aldy-k-rip-t-ilip-kettik-240885
Саяси-құқықтық тұрғыдан да мен түсіне бермейтін бір жайт бар.
Біздің Ата заңымыздың кезінде жоғарыдағы осы проблема айтылмайтын да уақытта американ, француз конституцияларының идеялары негізінде қабылданған. Оларда әлімсақтан бері алғашқы қауымдық қатынастың полигамиялық жанұядан моногамиялық жанұяға өткенінен бастап бір ғана әйел алу тәртібі салтанат құрған. Көне Рим құқықтық үрдісі де, кейіннен орын алған христиан дінінің талабы да осыған негізделген.
Сонда біздің қолданыстағы конституциямыз бізге полигамиялық жанұя дегенге ұқсай бермейтін, дегенмен бір еркекте бірнеше әйел бар жанұялық жүйеге құқықтық мүмкіндік берер ме екен?
Бұл мәселе де зерттеуді қажет ететін сияқты.
Қазіргі кездегі көптеген пікірлер бойынша екі не онан да көп әйел алу мүмкіндігі демографиялық проблеманы, ұлттың санын көбейтуді шешуге ықпал етеді екен. Қос қолдап-ақ қолдайтын жол. Десек те, ойланатын да жайт бар. Посткеңестік ширек ғасыр мерзімінде ала тақиялы көршілеріміздің саны экономикалық мүмкіндігі мен нәтижесі бізден оқ бойы төмен болса да біз армандамайтын да көрсеткішке өсті. Өз ішіміздегі «өз ағаларымыздың» саны да өсу үстінде. Демек,
«бір қатынмен» де демографиялық көрсеткішті ойдағыдай дәрежеге көтеруге болады екен ғой! Сонда біздің қай жеріміз кем?
Осы «кемдігіміз» толып жатқан әлеуметтанушыларды, психологтарымызды, философтарымызды ойландыра ма екен? Ойландырса, онда неге осы уақытқа дейін көпшілік ғылыми зерттелген, негізделген, дәлелденген осы сұрақтардың жауабын білмейді?
Қалың жұрттың аузында жүрген тағы бір проблема, ол – бойдақ жігіттерімізбен салыстырғанда басы бос қыздарымыздың саны 2 – 2,5 есе көптігі. Бірнеше әйел алуды моральдық және құқықтық тұрғыдан ақтап, осындай мүмкіндік беріле қалған жағдайда ойдағы мақсатымыз жүзеге аса ма, аспай ма, оны білмедім, бірақ ойына не себепті күйеу жігіттеріміздің саны қалыңдықтарымыздан өте-мөте аз, ұлдарымызға топалаң тиіп пе еді өзі деген сұрақтар келіп жүрген мен ғана емес шығармын.
Статистикалық көрсеткіштерге сенсек, туылған кезде ұлдар саны қыздардан кем болмайтын көрінеді. Тіпті біраз көптеу де екен. Проблеманың басы бірден-ақ басталатын көрінеді. Ұлдардың шетінеуі көбірек екен. Онан соң аурудан кетеді. Кейін саламатты тәрбиенің төмендігінен темекі, ішкілік, нашақорлық, онан соң төбелес, түрмеге түсу, бірлі-жарымы әскерден қайтпау, шетелге кету, басқа ұлтқа үйлену, жанұя құруға мүмкіндік бермейтін ауруға ұшырау, тағысын-тағылар өз дегенін істетіп, жоғарыдағыдай сандық диспрапорцияға алып келеді екен. Бірақ бұл себептер – табиғи емес, әлеуметтік негіздегі проблемалар қатарындағылар. Сондықтан шешілуі әбден мүмкін әрі міндетті медицина, құқық, тәрбие, идеология, тұрмыс салаларындағы мәселелер.
Ал әзірге шамасы келіп, өткір қажеттілік қинаған азаматтарды моральдық және құқықтық жағынан қолдағанды дұрыс деп есептеймін.
https://kaz.365info.kz/to-al-bol-ym-keledi-kreditim-bar-edi-aza-yzy-243675