Ата-аналар қыздарын “Ана жеріңе ие бол”, одан соң “ұят болады”, деп әбден оқытып-үйретіп тастаған. Содан кейін олар отбасылық өмірде көнбіс.
“Талай әйел үрейлі өмір сүріп жатыр. Күйеуі таяқтап, ұрып-соғып, қорқытып, әбден басынады. Ал оларды ешкім қорғап жатқан жоқ. Қолдау болмаған соң көп әйел зорлық-зомбылыққа төзеді”, – деді белгілі продюсер Баян Мақсатқызы 365info.kz сайтына берген сұқбатында.
– Қазір мен отбасылық тәрбиеге байланысты көп ойланамын. Ол қыздарыма, бәріне қатысты. Өйткені
басымнан өткен жағдайдан соң менің айналама күйеуінен таяқ жеген әйелдер жинала бастады. Оның ішінде маған жақын адамдар да бар,
тіпті құрбымның құрбылары маған күйеуінің қол көтеретінін айтып, мұңын шақты. Түсінгенім, олар мұны ашық айта алмайды. Түптеп келгенде, біз бір-бірімізден ондай нәрселерді жасырады екенбіз, сыртымыз бүтін секілдіміз, бірақ ішіміздегіні ешкім көрмейді. Көрсеткіміз келмейді, өйткені оны біздің орта қабылдауға дайын емес. Сыртынан қарасаңыз, тамаша отбасы. Олардың үйінде зорлық-зомбылық болады деп ойламайсыз.
Бірақ әйелдер соған көніп, өмір сүреді. Өйткені жынды байымен күресудің жолын әйелдер білмейді. Ол жоқ та…
– Егер менің жағдайыма келетін болсақ, маған салса, баяғыда кетіп қалар едім. Бірақ мен де көп жыл төзіп келдім. Өйткені кетіп қалуға қорқатынмын. Кеткен соң маған не болады, оны болжаудың өзі қорқынышты еді. Мен қорқатынмын…
Әйел кеткісі келсе, кете сала алмайды. Оған жабыса кетеді, жібермейді. Менің жанымда болуың үшін барымды саламын, әйтеуір кетпейсің, кете алмайсың дейді. Немесе өлтіремін деп қорқытады. Әйелін сабайтын еркектердің басым бөлігі осылай ететініне толық сенімдімін. Сөйтіп әйелдерін қорқыныш пен үрейде ұстайды. Бір сөзбен айтқанда, әбден басынады. Үнемі үрейде өмір сүреді. Бұдан соң әйел көнбегенде қайтеді? Басқа амалы бар ма?
https://kaz.365info.kz/iya-kyjeuimnin-kozine-shop-saldym-bayan-agynan-zharyldy-259114
– Жаратылысынан әйел болмысы нәзік қой, сондықтан таяқтан қорқады. „Мен ажыраспаймын, келісім бермеймін, таяқ жейсің, көзіне көк шыбын үймелетемін„ дегенде әйелі:
“Жарайды, ажыраспай-ақ қоялық, бірақ мені ұрмашы” – дейді. Бізде көп отбасы осындай келісімде өмір сүреді. Яғни, денесіне таяқ тигізбей қорғанған әйел өмірінің соңына дейін жаны жаралы өтеді.
Туған-туыстары келіп қолпаштайды. Әкесіз бала қалай өседі дейді. Ажырасқан әйел бұзылған деген секілді қоғамдық пікір тағы бар, соның бәріне байланған әйел көнбіс болады. Сөйтіп өз ырқымен, өзінің қалауындай өмір сүре алмайды.
Негізінде, әйел баласы барлығының қамын ойлайды, бірақ өзіне уақыт жетпейді, тіпті оған мүмкіндік те жоқ. Міне, біздегі шындық осындай.
Менің өмірім қайда? Мен қашан бақытты боламын? Иә, кім қателеспейді, мен жар таңдағанда қателескен екенмін, енді сол қателігім үшін өмір бойы опық жеуім керек пе?
Немесе, керісінше отбасы болғанда адамдар өзгереді, не мен жаман боламын, немесе ол жаман болып кетеді. Онда қәйту керек?..
Бір қызығы, қоғамдық пікір әйелдің отбасылық ұстанымына әсер еткенмен, еркекке оның түк қатысы жоқ.
– Еркек деген өзіндік тәртібі мен ережесін орнатқан жеке бір мемлекет. Біздің еркектер нені қалайды, солай ете алады. Олардың құқы жоғары.
Үш әйел алғысы келсе, алады. Өйткені біз шығыста өмір сүреміз, біздің менталитетіміз басқалай. Біздің қоғамда әйелдер бәрібір еркектен бір сатыға төмен тұрады. Осылай болған, болашақта да солай бола беретін секілді.
Таяқ жеді, сені ұрды, енді қайда барасың? Қайтер екен деп жан-жағыңды аңталаған адамдар. Ештеңе істей алмайсың. Көгерген бетінді бояп, жүре бересің. Міне, бізде тәртіп осындай. Сондықтан мен әйел құқығын қорғайтын қоғам құрып жатырмын. Ол туралы әлі ашып ешнәрсе айта алмаймын. Бір анығы, оған қаншама заңгер мен кеңесшілер керек. Заңда өзгертетін нәрсе өте көп. Әйеліне қол көтерген адам сотталады десе, онда еліміздегі еркектің тең жартысы түрмеде отырар еді. Бірақ ондай жаза жоқ қой бізде.
Әйелдің арызын қайта алуы қарастырылып тұрған кезде еркек ешқашан жазаланбайды.