Алматыда 9 жастағы баланы қағып кеткен полицей қызметінен босатылды, – деп хабарлайды қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған kaz.Tengrinews.kz тілшісі.
“Тәртіптік комиссияның шешіміне сәйкес Алматы қалалық ІІД басшысының 2017 жылдың 13-наурызындағы бұйрығымен Алматы қалалық ІІД ӘПБ ЖПП ӨҚ аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Н. Тұмабаев ішкі істер органдарынан қызметтен босатылды. Ол адам қаққан сәтте тізгінде болған. Оның серігі – Алматы қалалық ІІД ӘПБ ЖПП ӨҚ аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Б.Кембебаев та қызметінен босатылды”, – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Ал осыған дейін зардап шеккен баланың әкесі Михаил Ковалев Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында ұлына ота жасалғанын айтқан еді. 9 жастағы баланың аяғы сынғаны белгілі болды.
“Оған наркозбен ота жасалды. Сол аяғы сынған. Ауруханада тексерістен өтті, жеңіл бассүйек ми жарақатын алған. Басқа жеріне зақым тимеген”, – дейді әкесі.
Айта кетейік, ол қазіргі уақытта ұлымен бірген ауруханада. Әкесінің айтуынша, ол мектептен қайтып келе жатқан. Ұлы 3-сыныпта оқиды екен.
“Полицейлер оған көмектесіп, 4-ауруханаға жеткізді. Содан ол жақтан Бірінші балалар ауруханасына жеткізілді. Полиция қызметкерлері келіп, кешірім сұрады. Жауапкершілікті өз мойнына алатындарын айтты. Емнің ақшасын төлейміз деп уәде берді”, – дейді Михаил Ковалев.
Еске сала кетейік, осыған дейін Алматыда полиция көлігінің 9 жастағы баланы қағып кеткені хабарланған болатын. Куәгерлердің айтуынша, оқиға Жангелдин көшесінің бойында Рысқұлов даңғылымен қиылысының маңында кеше таңғы уақытта болған.