Нұр-Сұлтан
Қазір
-6
Ертең
-5
USD
499
+0.17
EUR
523
+3.12
RUB
4.81
-0.04

“Өзім білемін” дейді. Ердоған Түркияның түбіне жетер ме екен?

277

Әбдіжәлел Бәкір

Саясаттанушы Әбдіжәлел Бәкірдің айтуынша, мықты президенттік басқару болғаны дұрыс. Бірақ мықты басқарудың халық мүддесіне қайшы болмауы керек екенін ескертеді.

Негізі, президенттік басқарудан мемлекет пен қоғамға келетін көп кедергі жоқ. Өйткені президенттік басқару – әлемде бар практика. Бірақ та қалай басқару керек деген мәселе бар. Егер президент биліктің үш тармағының өкілеттіліктеріне араласпай отырса, оны қолдауға болады. Президент болғаннан кейін мемлекетті іскерлік пен сауаттылық тұрғысынан күшті басқару керек. Ал «мәселенің бәрін мен шешуім керек» деп жұртты тыңдамайтын болса, бұл дұрыс емес. Президенттің мықтылығы халықтың мүддесіне қайшы келмеуі қажет,

дейді саясаттанушы.

Саясаттанушы Ердоғанның кей саясатымен келіспейтінін айтты. Оның ойынша, 60 мың адамды тұтқындап, елде қуғын-сүргін орнату – масқара тірлік.

Ердоған Түркияның дамуына кедергі

Тағы бір саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, президенттік басқаруға көшу – халықтың емес Ердоғанның арман-мұраты болып отыр. Ердоғанның «ұр да жық» саясаты Түркияның өсіп-өркендеуіне кедергі келтіреді.

Түркияда түркі халықтарының жиыны өткен кезде мен Ердоғанның саясатын қатты сынға алған едім. Сонда түріктің ғалымдары «Айдос-бей, біздің басшымыз көп нәрсені Еуропадан емес, сіздердің басшыдан үйреніп жатыр ғой» деп күлген болатын. Қазір Ердоғанның саясаты бізден асып түспесе, кем болып отырған жоқ. Мәселен,

елдің экономикалық дамуына күш салған азаматтар түрмеге қамалып, кейбір ғалымдар шетелге қашып жатыр.

Бір тұлғаның «Франциядан 400 оқымысты кетіп қалса, Франция есуастар еліне айналады» дегені бар. Соңғы жылдары түріктің ғалымдары Нобель сыйлығын алып, жоғары деңгейде көріне бастады. Осы үрдіс Ердоғанның саясатынан кейін сап тиылуы мүмкін,

дейді Айдос Сарым.

Ал Түркияда соңғы кездері жиі болып жатқан теракттерге Ердоғанның қатысы бар ма? Саясаттанушының айтуынша, елдегі қанды қырғынға Ердоғанның жанама болса да, қатысы бар.

Түркиядағы қанды қырғындарға Ердоғанның тікелей қатысы бар деп айта алмаймын. Бірақ кез-келген қабылданған шешімнен кейін көптеген мәселелер туады. Бүгінде Түркияда терроризмнің үш түрі дамып кетті. Біріншісі, Аль-Кайда мен ИГИЛ тарапынан болып отырған шабуыл. Екіншісі – күрдтердің терроризмі, ал үшіншісі – солақай терроризм. Ердоған билікке келгеннен кейін ең білікті деген арнайы қызмет орындарының мамандары жұмыстан қуылды. Бұл саясат арнайы қызметтердің әлсіреуіне әкеліп соқты. Жоғарыдағы үш террористік топ бұған дейін де болған. Бірақ бұл топтан келетін қауіпті арнайы қызмет өкілдерді болдырмай отырған еді,

дейді саясаттанушы.

Түркияның болашағы қандай?

Айдос Сарым

Қанша дегенмен де, Түркияда демократиялық құндылықтар қалыптасқан. Бәлкім, халық өзінің талап-тілектерін білдіріп, Ердоғанның саясатына қарсы әрекеттер жасайтын шығар? Жалпы, Түркияның болашағы қандай болмақ?

Қоғамдық ойдың дағдарысы тұрғысынан алсақ, Түркияда осыдан 100 жыл бұрынғы жағдай қайталанып жатыр. Түрік ұлты өркениет таңдаудың алдында тұр. Сондықтан да Түркияның болашағынан мүлдем үміт үзуге болмайды. Бірақ түрік халқының басым көпшілігі қазіргі бағытты қолдап жатыр. Оның үстіне,

Ердроғанның психотипі – биліктен мәңгі-бақи айырылмау болып отыр. Бұған дейін талай басшыны ауыстырып қалған халық бұған көне ме, көнбей ме? Көнуі де ықтимал.

Өйткені Түркия соғыс алдында тұрған мемлекетке айналды. Мәселен, Сирияда ашықтан-ашық соғысып жатыр және елдің іші ырың-жырың болып кетті. Тағы бір-екі жарылыс болса, парламент сұлтанат деңгейіндегі конституция қабылдап жіберуге әзір отыр,

деп қосты Айдос Сарым.

Шынында да бүгінгі Түркияның жағдайы қиын. Ал бірнеше жыл бұрын Ердоған туралы тек мақтау сөздер айтылатын. Оның Израиль экс-президенті Шимон Переспен болған «Давос» форумындағы дауы көпшілікті сүйсіндірген. Сондай-ақ, Ердоғанның бұдан басқа да жұртқа ұнамды тұстары болды. Алайда соңғы жылдары оның іс әрекеттері бір кездегі Ердоғанға мүлдем ұқсамай кетті. Тіпті,

кейінгі кездері Түркияның түбіне Ердоған жете ме, деген қауіп айтыла бастады. Себебі ол Түркияның негізін қалаған Ататүріктің идеясынан бас тартып, «айды аспанға шығаруын» жалғастыруда.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз