Нұр-Сұлтан
Қазір
-6
Ертең
-11
USD
499
+3.47
EUR
520
-0.93
RUB
4.85
-0.06

Сақ болыңыз! Салафиттер – зомбиге айналған

706

“Құранды тура мағынасында түсінбеңіз”

Дінтанушының пайымдауынша, салафизм идеологиясының негізі буквализмге, яғни, Құран аяттары мен хадистердің мазмұнын түсінбей, тура мағынасында сөзбе-сөз түсінуге, ақыл-парасатты қолданбауға негізделген.

“Олар астарлы мағыналы аяттар мен хадистердің тек сөздік мағынасын негізге ала отырып, ішкі мәніне үңілместен, сол күйінде қабылдау керектігін алға тартады. Мұндай идеялар тарихи тұрғыдан дәлелденген мәзһабтар институтын жоққа шығарып, «әр мұсылман тікелей өзі Құран мен хадиске жүгініп пәтуа бере алады» деген үстірт әрі шетін көзқарастың қалыптасуына алып келеді”,

– дейді сарапшы.

Демек, мәзхаб ұстанбайтындардың ұраны осындай деген сөз.

“Олар әрбір адам дінді, шариғатты өз беттерінше оқып, үйрене алады деп есептейді. Ол үшін араб тілін меңгеру жеткілікті. Араб тілін білген адам Құранды да, сүннетті де өз бетінше оқып, дін қағидаларын түсіне алады. Яғни, ешқандай мәзһабқа ерудің, ұстанудың қажеті жоқ”, – дейді осы орайда Бақытжан Сатершинов.

“Салафизмді қабылдаған адам мәңгүртке айналады”

Дінтанушының айтуынша, салафилердің қазіргі ұраны: «дінді ақылмен түсінбеу”. Дінді ақылмен түсінгісі келетіндерді олар “адасқандар” деп атайды екен.

“Салафилер аяттар мен хадистердің негізгі мәніне, олардың қандай жағдайда, қашан айтылғанына қарамастан, тікелей мағынада қабылдауға тырысады. Ақыл қорытып, ой жүгіртуге шектеу қоятындықтан, олардың қатарына жаңадан қосылған адам еркін ойлау қабілетінен айырылып, мәңгүртке айналады. Өйткені, ондай адам аяттың, хадистің астарына үңілуге дәрменсіз, өйткені оның білімі жеткіліксіз, мәтіндерді тек салафилер түсіндірген қалыпта қабылдап алады да, басқаша ойлауды күнә санайды”, – дейді дінтанушы.

“Адасқан біз емес, салафилер!”

“Салафилер Құрандағы «хижрет» ұғымын өз мүдделеріне бұрмалап қолданып жүр. Олардың бұл ұғымдарға берген пайымын қабылдаған көптеген азаматтар өз елдерін мұсылманның емес, кәпірдің елі деп санап, Сирия аумағына «хижра» жасап, қоныс аударғанын білеміз.

Бұл жағдайдың орын алуына осындай теріс пиғылды ағымдар уағызшыларының діни білімі толық емес азаматтарды арбап, қанды қасап болып жатқан Сирия, Ирак елдеріне «хижра жасауға» шақыруы себеп болып отырғаны жасырын емес”.

Дінтанушы осы ретте былай дейді:

“Бұл хижраның ислам діні сеніміндегі хижрамен ешқандай байланысы жоқ. Исламда бұл сөз мұсылмандардың дініне қатысты өзгелерден қысым көруіне байланысты басқа елге қоныс аударуын білдіреді. Бірақ біздің елде ешбір діннің насихатталуына қысым қойылып отырған жоқ. Мұсылмандар да құлшылықтарын еркін атқаруда. Елде қаншама зәулім мешіттер бой көтеріп, көбейіп жатыр. Ендеше, «таза ислам» елін аңсап елден ауа көшкендер – тек барды бағаламаушылар деген сөз”.

“Жиһад” – “кәпір” деп санаған адамды қыру емес”

Сарапшы Құрандағы тағы бір ұғымның мағынасын жіліктеп беріпті.

“Олардың түсінігіндегі «жиһад» – «кәпір» деп санаған адамдарын аяусыз қыру, ату, жарып жіберу, әйелдерді, балаларды құлдыққа салу, оларды азаптап қинау сияқты озбырлық әрекеттері. Діни мәтіндерді өздерінің пайымы мен мүдделеріне сәйкес бұрмалап, түсіндірген теріс пиғылды ағымдардың үгіт-насихаттарының нәтижесінде, саналары уланған сауатсыз азаматтар ата-анасын, туған жерін тастап, Алла жолында «жиһадқа» аттануда. Ал негізінде жихад ұғымының мәні осындай ма? Әрине, жоқ”, – дейді ол.

Сонда жиһад сөзінің мағынасы не?

“Жиһад – ең алдымен адамның өзін және ішкі жан дүниесін түзетуі деген сөз. Мұсылманның өз нәпсісімен күресі дегенді білдіреді”,

дейді Бақытжан Сатершинов.

 

Анықтама: Бақытжан Сатершинов – ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы

Философия, саясаттану және дінтану институтының

 Дінтану бөлімінің меңгерушісі

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз