Қытай азаматтары Ақтөбедегі мұнай компаниясында жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Шетелдік жұмыс күшін тартпақ болған «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ы қазақстандық жұмысшыларды еңбекке араластыру талабын орындамаған, деп хабарлайды BNews.kz.
«Тексеру кезінде өңірдегі ірі мұнай компанияларының Қазақстан заңнамаларын орындамай отырғаны анықталды.
Мәселен, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ 8 Қытай азаматын Ақтөбеге әкеледі. Бірақ шетелдік жұмыс күшін тарту кезінде қазақстандық азаматтарды да еңбекке араластыру талабын орындамайды. Сол себепті шетел жұмысшылары кері қайтарылды. Әрі, шетел жұмысшыларының бәрі басшылық қызметке жайғаспақ болған.
Оларға Ақтөбедегі ірі мұнай компаниясында қоғамдық тамақтану басқармасының директоры, жедел эксплуатация орталығы басқармасының директоры, мұнай және газ өндіру бөлімі бастығының орынбасары және инженер қызметтеріне алынбақ болған екен», – дейді облыстық прокуратураның І-басқарма басшысы Маратбек Мырзамұратов.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, биыл Ақтөбе облысына 35 мыңнан астам адам келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 12 мың адамға аз. Прокурорлардың айтуынша, өңірде жұмыс азайып, келушілер қатары сиреген.