Бұған дейін хабарланғандай, еліміздің жекелеген өңірлерінде жер мәселелері жөнінде заңсыз қарсылық шерулерін өткізуге әрекеттер жасалды, деп мәлімдейді Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Шынайы ақпарат беру мақсатында сіздерге төмендегі мәселелерді хабарлай аламыз.
Заңсыз әрекеттердің алдын-алу үшін Бас Прокурор халыққа екі рет үндеу жолдап, митинг өткізудің тәртібі мен заңсыз шерулерге қатысқаны үшін азаматтардың жауапкершілігін түсіндірді. Бұл үндеулер бұқаралық ақпарат құралдары және басқа да коммуникация арналары арқылы кеңінен таратылды.
Бүгінде құқық қорғау органдары бірқатар қылмыстық істерді тергеуде. Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру үшін сан түрлі тәсілдер пайдаланылды.
Қызылорда қаласында тәртіп сақшыларына тас лақтырып, оларды күш қолдануға итермелеу әрекеттері жасалды. Сосын, әлеуметтік желілерде тәртіп сақшылары өлтірді деп, ер адамның мәйітінің суреті таратылды. Шын мәнінде, бұл Қытайда болған оқиғадан түсірілген сурет болатын. Бұл ақпараттардың жалғандығы уақтылы әшкереленді.
Шығыс Қазақстан облысында полицияның назарын облыс орталығынан басқа жаққа аударып, Өскемен қаласында тәртіпсіздіктер ұйымдастыруды жеңілдету үшін бірқатар аудан орталықтарында алдын-ала шерулер ұйымдастыру жоспарланған.
Орал мен Атырауда бейбіт шеруді желеу ете отырып билікке күш қолдану, оның ішінде қару қолдану арқылы қарсы шығуға дайындықтар жасалған.
Арандатушылардың әрекеттері өзара келісілген сипатта болғаны туралы мәліметтер бар.
Алматыда жүргізілген жедел шаралар барысында қалада жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға дайындалған бірқатар тұлғалар ұсталды. Онда қару-жарақ, оқ-дәрі, білтемірлер, «Молотов коктейлі» деп аталатын жанармайлар құйылған шөлмектер жасырылған қоймалар табылды.
Мұның бәрі Президент мораторий жариялаған және жер заңнамасына қатысты ұсыныс енгізгісі келетін бүкіл азаматтар жұмысына қатысып жатқан Комиссия мен барлық өңірлердегі Қоғамдық Кеңестердің жұмысы басталған кезде болды.
Мемлекет тарапынан жер кодексіне байланысты өркениетті диалогқа және барша пікірлердің ескерілуіне барлық жағдай жасалды.
Осылайша, түрлі өңірлерінде болған заңсыз акциялардың бәрі бір қолдан шыққандай әсер қалдырады.
Аталған қылмыстық істердің аясында осы құқыққа қайшы әрекеттердің заңсыз қаржыландырылуы зерттелуде, олардың қаржы көздері туралы ақпараттар тексерілуде. Тергеу нәтижесі бойынша, арандатуға қатысы бар адамдардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.
Тергеу амалдары толыққанды болуы үшін бұл фактілерге қатысты жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстары жайлы егжей-тегжейлі айтылмайды. Алдағы уақытта Бас Прокуратура тергеу шараларының барысы туралы тұрақты түрде ақпарат беріп отыратын болады.