Алматы қаласы Алмалы ауданының полициясы зейнеткерге шабуыл жасаған екі қылмыскерді құрықтады, деп хабарлайды қалалық ІІД.
Қылмыс таңғы сағат 6:30 шамасында жасалған. Екі ер адам ашық түрде зейнеткерге шабуыл жасап, оның қалта телефонын тартып алған. Шабуыл нәтижесінде жәбірленушінің денсаулығына зақым келген.
“Күдіктілерді бірден қолға түсірдік. Алайда олардың қала ішінде тұрғылықты үйлері жоқ екен. Осының салдарынан нақты қай жерде тұрақтағандарын бірден анықтай алмадық. Шұғыл іздестіру жұмыстарының арқасында 1997 жылғы Д. есімді және 1998 жылғы Е. есімді азаматтар ұсталды”, – дейді Алмалы ауданы ІІБ бастығы Данияр Меңдебаев.
Зейнеткер ауруханада бір апта комада жатқан. Қазіргі таңда аталған фактіге сәйкес ҚР ҚК 192-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. “Күдіктілер өздерінің кінәсін толықтай мойындады. Олардың бірі бұрын ұрлық үшін сотталған екен”, – дейді Мендебаев.