ЖОО-лар грантқа ілінбеген „Алтын белгі„ иегерлерін тегін оқытуға міндетті емес — Ерлан Сыдықов

81 просмотров

Мектепті үздік бітірген, бірақ мамандықты дұрыс таңдамай, білім грантына қол жеткізе алмаған жастарды университеттер қаржылық мүмкіндігіне қарай қабылдайды. Алайда биыл дағдарыс салдарынан көптеген ЖОО-ның қаржылық мүмкіндігі шектеулі көрінеді.

Ерлан Сыдықов
Ерлан Сыдықов

Бұл туралы Білім беру гранттарын бөлу жөніндегі республикалық конкурстық комиссияның мүшесі, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов мәлім етті, — деп хабарлады BNews.kz.

Кеше белгілі болғандай, «Алтын белгі» иегерлерінің барлығы бірдей мемлекеттік грант есебінен оқи алмайды. Ал биыл 2 059 «Алтын белгі»  иегері оқуын еліміздегі жоғары оқу орнындарында жалғастыруға ниет білдірген.

Ерлан Сыдықовтың айтуынша, бұл жылда қайталанатын жағдай. Өйткені, жастар грант аз бөлінген, бірақ бәсекелестігі жоғары мамандықтарды таңдайды.

— Өкiнiшке қарай, «Алтын белгi» иегерлерiнiң барлығы бiрдей мемлекеттiк грантқа ие бола алмады.

Себебі, әу баста, мектеп, одан кейін ата-аналар кәсiптiк бағдарлау жұмыстарын дұрыс жүргізбеген.

 «Алтын белгi» иегерлерi әлі күнге дейiн құқық, халықаралық қатынастар, қаржы, менеджмент сияқты „беделді„ мамандықтарға көбiрек барады.

Экономикада, қоғамда, елде өзгерiстер болады, соған сәйкес, мемлекет гранттарды сұранысқа ие, қажеттілігі жоғары мамандықтарға бөлінедi. Қазiргi кезде мемлекеттiк грант педагогикалық, медициналық, техникалық мамандықтарға көбiрек бөлiнуде. Осы мамандықтарды таңдаған жастардың грантқа ие болу мүмкiндiгi де тиiсiнше жоғары, — дейді Ерлан Сыдықов.

Комиссия мүшесінің пайымдауынша, бұл арада түлектер дұрыс таңдау жасамайды.

— Университеттер «Алтын белгi» иегерлерiн оқуға қабылдауға  мүдделi. Өйткенi, талантты жастар неғұрлым көбiрек келсе,  университеттiң де көрсеткiштерi соғұрлым жоғары болады. Біз мемлекеттiк грант бұйырмаған талапкерлердi қабылдай аламыз.

Бiрақ, оларды оқыту үшiн жоғары оқу орнына ақшалай табыс түсу керек. Бұл қаражатты бақылау кеңестерi бөледi. Ең бiрiншi кезекте, әлеуметтiк жағынан әлсiз қорғалған отбасылардың балаларына қолдау көрсетiледi. Бұдан бөлек, мүгедек жастардың оқуының ақысын азайтуға жұмсалады. Егер қаражат қалса, «Алтын белгi» иегерлерi, Олимпиада жеңiмпаздары, дарынды балаларды оқытуға қарастырылады.

Бұл тек ректор шешетiн мәселе емес, қаражатты бақылау кеңестерi де үлкен рөл атқарады.

Ал егер университеттiң табысы болмаса, онда грантқа iлiнбегендердi оқу орнының есебiнен оқыту мүмкiн болмайды

 — дейді Еуразия ұлттық университетінің ректоры.

Мәселен, былтыр Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетi грантқа iлiнбеген 5 «Алтын белгi» иегерiн оқуға қабылдапты. Бірақ, ректордың айтуынша,

биыл дағдарыс салдарынан мұндай мүмкiндiктің болуы екiталай.

— Мемлекет оларға орын тауып беруге мiндеттi емес, өйткенi таңдаған өздерi, бұл – нарық. Мемлекет бөлiнген грант санын, оған түсудiң жолдарын, шарттарын алдын ала айтады. Университеттер де грант алмаған «Алтын белгi» иегерлерiн қабылдауға мiндеттi емес. Олар ішкi қаржылық жағдайы мүмкіндік берсе ғана оқыта алады. «Алтын белгi» иегерлерi грантсыз қалмауы үшiн олардың өздерiмен, ата-аналарымен дұрыс жұмыс жүргiзу керек», — дейді сөзін тұжырымдаған  Ерлан Сыдықов.

Кеше ҚР Білім және ғылым министрлігі хабарлағандай, жоғары оқу орындарының басшылығымен бірлесіп, мемлекеттік гранттан қағылған «Алтын белгі» иегерлерінің ісі жеке-жеке көтеріліп, олардың ЖОО қаражаты есебінен білім алу мүмкіндігі қарастырылмақ.

Айта кетейік, бүгін 2016 жылғы грант иелерінің толық тізімі жарияланды. Оның қорытындысы бойынша 45 „Алтын белгі„ иегері білім грантын иелене алмай қалған.

Загрузка...