Жерге қатысты заңды бұзған әкімнің алатын жазасы айыппұл ғана екен!

55 просмотров

Астанада өткен Жер реформасы жөнiндегi комиссияның отырысында экономикалық жұмыс тобының жетекшiсi Ақылбек Күрiшбаев ел азаматтарына жердi жалға беру тәртiбiн бұзған әкiмдердi қатаң жазалауды ұсынды.

Бұл туралы BNews.kz хабарлайды.

— Елбасы мораторий жариялаған, Үкiмет ұсынған заң жобасында жалға алушылар 49 жыл мерзiм аяқталған соң, не жердi сатып алуы керек, не мемлекетке қайтаруы керек. Бұл болашақта жалға алу мерзiмi аяқталған соң, жердiң бәрi меншiкте болады деген сөз. Экономикалық жұмыс тобының мүшелерi мұнымен келiспейдi. Олардың ұсынысы бойынша, бұрынғыдай 2003 жылы қабылданған Жер кодексiне сәйкес, жердi жалға берудi жалғастыру керек, — дедi Ақылбек Күрiшбаев.

Оның айтуынша, қазiргi уақытта жердi жалға беру бойынша нақты ереже жоқ. Тек Жер кодексiндегi бiр ғана 43-бапта қысқаша жазылған.

— Ендi Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң ұсынысы бойынша арнайы ереже болуы керек. Бiз мұны қолдап отырмыз. Кiм, қалай жердi бередi, оны қалай бақылайды, жер тиiмсiз пайдаланылса қалай қайтарылатыны белгiленуi тиiс. Бұл — өте маңызды мәселе. Жердi 49 жылға жалға берген кезде, әсiресе бiрiншi жылдары мұқият қарауымыз керек. Өйткенi жердi игермеу мәселесi бiрiншi жылдан басталады. Алғашқы бес жылдықта жыл сайын, кейiн 3-5-7 жылда мониторинг жүргiзудi қолдаймыз, — дедi ол.

Тағы бiр мәселе, бос жатқан жерлер туралы мәлiметтер халыққа дұрыс жеткiзiлмейдi.

— Одан кейiн әкiмнiң жанында жүрген азаматтар мәлiметтi естiгесiн барып ала салады. Сондықтан мәлiмет беруiмiз керек. Отыз күн бұрын облыстық, республикалық деңгейде бос жатқан жерлер туралы мәлiмет беру қажет. Сонда ашық түрде барлық азаматтар қатысады. Экономикалық топтың тағы бiр ұсынысы — жердi жалға берген кезде, жергiлiктi тұрғындарға, ауыл шаруашылығын бiлетiн мамандарға басымдық беру керек, — дедi ол.

Сондай-ақ, экономикалық топ жетекшiсiнiң айтуынша, жердi жергiлiктi атқарушы органдар емес, қоғамдық жер комиссиясы беруi тиiс. Бұл ретте, әкiмдер мен комиссия мүшелерiнiң жауапкершiлiгi қарастырылуы керек.

— Кеше мен әкiмшiлiк кодекстi қарадым. Сонда егер әкiм, жер комиссиясының мүшесi шешiм болмай жатып, жердi берiп қойса, комиссиямен келiспей, жердi тартып алса, шетелдiктерге жалға жердi өз шешiмiмен берiп жiберсе, ол жазаланады екен. Бiрақ жазасы 30 айлық есептiк көрсеткiш, яғни 63 600 теңге. Бұндай жауапкершiлiкпен тәртiп орната алмаймыз.

Сондықтан бұл жерде нақты жауапкершiлiктi көтеруiмiз керек. Ұлттық мүддеге қайшы келсе, қылмыстық жауапкершiлiкке дейiн тарту қажет. Ал әкiмшiлiк кодексте айыппұл сомасын көбейту керек деп санаймыз, — деп қорытты сөз соңын Ақылбек Күрiшбаев.

Загрузка...