Нұр-Сұлтан
Қазір
-1
Ертең
5
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Жер комиссиясының отырысы: қандай қорытынды шығарылды?

Бұл туралы bnews.kz хабарлайды.

Кездесуге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кәсіпкерлер, салалық одақтар мен қауымдастықтар, барлық деңгейдегі қоғамдық кеңес мүшелері, партиялық және кәсіподақ ұйымдары, орталық және жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысып, өңір аудандарының тұрғындары селекторлық режимде байланысқа шықты.

Жер реформасы жөніндегі комиссияның негізгі міндеттері, Елбасы айрықша тапсырғандай, бұған дейін құрылған құқықтық, экономикалық, ақпараттық-түсіндіру және ашықтықты қамтамасыз ету жөніндегі төрт жұмыс тобының тиімді қызметі арқылы қалың көпшілікпен пікір алмасып, жер заңнамасының нормаларына қатысты ұсыныстарды қарау болып табылады.

Осыны тілге тиек еткен Премьер-министр орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов комиссияның өңірлердегі жұмысында белгілі бір принциптердің қалыптасқанын, яғни, ашық түрде ешқандай шектеусіз нақты көтеріліп отырған мәселеге байланысты пікір айтам дегендерге шектеу жоқтығын атап өтті.

«Біз бұл жерге дауласу үшін емес, жер мен ел тағдырын ақылдасу үшін жиналып отырмыз. Жер мәселесін ақылмен, сабырмен, жан-жақты талқылау арқылы қарап, шоғырланған түйінді мәселелерді шешудің жақсы үлгісін көрсетуіміз қажет», – деді комиссия төрағасы.

Отырыстың күн тәртібіне үш мәселе шығарылды. Бірінші, ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру институтын жетілдіру, оның ішінде, жерді ұтымды пайдалануға бақылауды күшейту, жерді жалға беру рәсімдерінің ашықтығын, тиімділігін арттыру, бір қолға жалға берілетін жерлердің шекті  мөлшерін белгілеу, Қазақстанмен шекаралас аумақтардан берілетін ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану тәртібін күшейту қаралды. Бұдан бөлек, елді мекен маңайынан жергілікті тұрғындарды қажетті жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыру және мораторий жарияланған 2 мәселе  – қазақстандықтарға жеке меншікке және шетелдіктерге жалға беруге байланысты пікір алмасу ұсынылды.

Ең алдымен, экономикалық топтың жетекшісі Ақылбек Күрішбаев сөз алып, қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру институтын жетілдіру, сондай-ақ оған мониторинг жүргізу  бойынша ұсыныстарын баяндады.

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға дейін жалға беру институтын сақтап, оған мониторинг жүргізу, қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерін тарта отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін жалға берудің жеке тәртібін және конкурстар өткізудің тәртібін белгілеу,  республика және әр әкімшілік аудан  бойынша ауыл шаруашылығы жерлерінің алқап түрлері бойынша шекті (ең жоғары) мөлшерін бекіту, жерді ұтымды пайдалану бойынша жер пайдаланушылардың міндеттері мен жауапкершілігін  күшейтетін  жалға берудің үлгілік шартын  бекіту маңызды.

Ал құқықтық топтың жетекшісі Мұхтар Тайжан осы уақытқа дейін қандай шешімдер қабылданғанын айта келе, бұл ұсыныстардың Парламентке енгізілетінін атап өтті.

Бұдан бөлек, штаб жетекшісі, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев халықтан түсіп жатқан ұсыныс-хаттарға тоқталды. Жер дауына қатысты арнайы құрылған Call-орталыққа 14 мамырдан бастап бүгiнгi күнге дейiн 12 мың 458  қоңырау түскен. Байланыс орталығына түскен қоңыраудың 77 пайызы жеке тұрғын үй құрылысына байланысты болып отыр. Call орталыққа Атырау облысынан небәрi 70 қоңырау шалынған. Оның iшiнде 55 хабарлама жеке тұрғын үй құрылысына байланысты. Бұдан басқа, жер реформасына байланысты Jerturaly.kz сайты жұмыс iстеп жатыр. Сайтқа бүгiнгi күнге дейiн 947 сұрақ келiп түскен.  Оның 756-сына тиiстi жауаптар дайындалып, сайтқа орналастырылды. Ал қалған 191 сұрақ бойынша бүгiнде жауаптар әзiрленуде.

Соңғы баяндаманы Атырау облысының қоғамдық кеңесінің басшысы, Атырау облысының құрметті азаматы, еңбек ардагері Мұрат Өтешов жасады. Оның айтуынша, қоғамдық кеңес мүшелері әрбір аудан мен ауылды аралап, жер мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді және алғашқы нәтижелер де жоқ емес.

Осыдан кейін комиссия мүшелері кездесуге келген халықты тыңдады.  Тұрғындар бұқараны мазалаған түйткілдерді ортаға салып, ұсыныстарын да жеткізді. Өз кезегінде комиссия мүшелері өз жұмыс топтарының аясында келісілген шешімдер бойынша ұсынымдар әзірлеп, ортақ пікірлерді тұжырымдайтын кездің келгеніне кеңінен тоқталды.

Айта кетейік, өңірлерде халықпен кездесулер әрі қарай жалғасатын болады. Мұндағы мақсат – халықты толғандырып жүрген жер тағдыры бойынша мәселені әбден саралап, салмақтап, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдармен бірігіп, Парламентке нақты ұсыныстар беру.

Жер реформасы жөнiндегi комиссия Президенттiң тапсырмасы бойынша құрылған болатын.  Комиссия құрамында төрт жұмыс тобы бар, оларға Ақылбек Күрiшбаев, Мұхтар Тайжан, Дос Көшiм және Мұрат Әбенов жетекшiлiк етедi.

Президент Жер кодексiнiң қоғамдық резонанс тудырған бiрқатар нормаларына биыл жылдың соңына дейін мораторий жариялады. Нұрсұлтан Назарбаев кең көлемді түсіндіру шараларын жүргізіп, бұл жұмысқа бүкіл партиялар мен қоғамдық ұйымдарды тартып, жер мәселесі бойынша өз позициясын білдірген барлық азаматтарды диалогқа шақыруды тапсырған болатын.

Жер кодексiнiң дау тудырған нормаларының қолданысын тоқтата тұратын заңға Мемлекет басшысы маусым айында қол қойды.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз