Жер комиссиясы мүшелерінің кейбіреуіне мадақ өлең арналды

26 просмотров

ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жұма-Назар Сомжүрек Жер комиссиясының мүшелеріне өлең арнады. Мадақта Мұхтар Шаханов ағамызды Бұқарға, Дос Көшім ағамызды шешенге, Мұхтар Тайжанды тура биге, Айдос Сарымды дуалы ауызды тұлғаға теңеген.

Ал жер тағдырына ат салысу үшін көшеге шығып, елдік мәселеде жұмыла кеткен халық талай жаудың бетін қайтарған, қазақтың қайтпас батыр бабалары Қабанбай мен Бөгенбай батырларға теңелді.

 

Бұқарымыз – Шаханов дара Мұхтар,

Соңында құлыншақтай бала Мұхтар.

Жас та болса, сөзінде даналық бар.

Жер үшін күрескерлік істеріне,

Риза далалық пен қалалықтар.

Болатхан батыр ұлы Мұхтар інім,

Әкенің ерлік жолын тұтқан інім.

«Қазақ жерін сатуға ешкімге де,

болмайды» – деп, шырылдап шыққан үнің.

Бір өзі мыңға татыр Мұхтар інім,

Ел мұңын жастайынан ұққан інім.

Халқының жоғын жоқтап тура бидей,

Кеңесте сөз ұстаған тұтқа бүгін.

Күні-түн ойлар елдің есендігін,

Ұлтыма керек тұлға көсем бүгін.

Көкшедегі кеңесте көш бастайтын,

Дос Көшім көрсетті ерен шешендігін.

Дос Көшім ұлттың ұлы досы нағыз,

Әр сөзіне қол соғып қосыламыз.

Құдай мен мемлекет— жер иесі,

Халықтың ортақ ойы – осы нағыз!!!

Қанын сорып жатқанда нарық күнде,

Ер ұлдар өздеріңмен халық бірге.

Жерсіз елдің тағдыры түнек түндей ,

Жерімен тек жетеді жарық күнге!

Аттарың бүгін бүкіл ел аузында,

Бейнелерің халықтың көз алдында.

Аталы сөз аузынан ақтарылар,

Айдос Сарым бір төбе өз алдына.

Жер үшін атой салып адайлар көп,

Сендер шықтың Бөгенбай, Қабанбай боп!

Антейдей-ақ күш алып қара жерден,

Табан тіреп тұрсыңдар қамалдай боп!!!

Сендермен бірге соғар жүрегіміз,

Сендерсің қалқанымыз, тірегіміз.

Сендердің амандығың, жеңістерің –

Құдайдан күнде тілер тілегіміз!!!

Әумин!

Загрузка...