Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
4
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

Жас шахматшының анасы Ресейге ақша үшін емес, намыс үшін кеткендерін айтты

112

Сөйтсе, жас спортшының Ресей құрамасының қатарына өту туралы шешімі аяқ-астынан қабылданбапты. Шахматшының анасы бұған ақшаның, яғни, қаржылық мүдденің ешқандай қатысы болмағанын нақтылап айтты.

Жағдай 2015 жылғы қазанда, Қазақстан шахмат федерациясы басшылығының алмасуына байланысты ушыққан. Ол кезде Әсет Исекешев бұл лауазымнан кетіп, оның орнына Ғалымжан Есенов тағайындалады. Әрине, ол өзімен бірге өз адамдарын ала келеді. Осыған байланысты, мұндағы өмір қалпы бұзылады. Мысалы,сол кезден бастап, спортшылар қашан, қай кезде, қандай жарысқа баратынын алдын ала біле алмайтын болған.

Шахматтан Қазақстан біріншілігі жақындаған кезде Лиана Таңжарықова қызының оған қатыспайтынын біледі.

– Ирина Грищенко маған хабарласып, федерацияның жаттықтырушылар кеңесі Бибісараның шахматтан өтетін Қазақстан біріншілігіне қатысуына қарсы екенін айтты. Әрине, бұл жаңалық менің төбеме жай түскенмен бірдей болды. Қалай сонда, елдегі бірінші қыз Қазақстанның біріншілігіне қатыса алмайды, – дейді анасы.

Осылайша Бибісара Қазақстанның чемпионатына қатыспайтыны белгілі болады. Одан біраз уақыт өткен соң, Лиана Таңжарықоваға Қазақстанның шахмат федерациясынан ресми хат келеді.

Хатта 2016 жылдың 10 ақпанынан бастап, Бибісара Асаубаеваның шәкіртақысы қысқарғандығы айтылады.

– Бұл арада мәселе ақшада емес. Бұл спорт қой, бүгін чемпионсыз, ал ертең чемпион болмай қалуыңыз да мүмкін. Мен Қазақстанның шахмат федерациясы президенті Ғалымжан Есеновке хат жаздым. Өзімізге қатысты қарым-қатынастың бұзылып кеткенін, оның себебі неде екенін түсінбейтінімді айттым. Бұлай жалғаса бермеуі керек дедім. Одан кейін маған Грищенко хабарласты:

енді ештеңе өзгерте алмаймыз, алайда осы жылғы шәкіртақының жалпы сомасын бөлдіртуге болады, – деді.

Баса айта кетейін: 2016 жылдың қаңтарынан бастап, қыркүйекке дейін біз ешқандай да шәкіртақы алған жоқпыз. Шахмат турниріне қатысқан қызымды қаржыландырған ешкім болмады.

Спортшыға үнемі рейтингісін жаңартып, біліктілігін арттырып отыру керек. Әйтпесе, жарыста төменгі топтарға түсіп қалады. Сондықтан Қазақстан біріншілігіне қатыстырмаған соң, Бибісара Ростов облысы жіберген шақыртуды қабыл алып, сол жаққа Ресей құрамасы сапында өнер көрсету туралы шешім қабылдайды. Бұл турнир Сочиде өтеді. Жастығына қарамастан, ол арада Бибісара 8 турда жеңімпаз атанады, тек бір жеңілісі болған. Бұл нәтиже оның рейтингісін көтеруге айтарлықтай ықпал етті.

Міне, осы чемпионат барысында Қазақстан құрамасының бапкері Павел Коцур Лиана Таңжарықоваға хабарласып, қызының Қазақстан біріншілігіне қатысуын ұсынады, яғни чемпионатқа 3-ақ күн қалғанда! Әрине, керек емес кезде кеудесінен итеріп, керек  қылғанда итті ысқырып шақырғандай қылуы бұл отбасының ар-намысына тиеді.

Негізінен, қазақ қызына қызығушылар көп болған. Ресей де, АҚШ-та үнемі шақырту жіберіп отырыпты. Соның бірі – шахмат патшасы Гарри Каспаров. Ол қыздың АҚШ-қа көшіп келгенін қалапты. Лиана Таңжарықова бұл ұсыныстардан үнемі бас тартып келген, тек 2016 жылы жағдай ушыққанда еріксіз оларды қарастыруға мәжбүр болыпты.

– Менің балам спорт үшін жаралған. Сондықтан бұл аса маңызды дүние. Ол басқа ештеңеге алаңдамаса деймін. Міне, біз осы тұрғыда шешім қабылдадық. Сочиде өнер көрсеткенде Мәскеу облысының шахмат федерациясына басшылық ететін Сергей Анатольевич Нестеровтен ұсыныс келіп түсті. Мен оны қабыл алдым.

Бибісараны бірден Дворковичтің шахмат мектебіне шақырды. Онда ол атақты ресейлік бапкер Сергей Долматовтан ілім алады. Жалпы, жақсы мамандардан білім алудың 1 сағаты кем дегенде, 50 доллар тұрады.

Бибісара 4 жыл бойына үздіксіз, демалыс күндерінсіз күніне 6-8 сағат бойына жаттығады. Біз оған ақша төлейміз, оны ешкімнен сұраған емеспіз. Ал Дворковичтің шахмат мектебінде барлық жағдай жасалған.

Ресейліктер балалар шахматына көп бас ауыртпайды. Бір рет жеңдің бе, сені кәсіби шахматқа даярлауға кіріседі.

Федерация, менің түсінігімде, басқа мүдделерді жақтамауы керек. Өсек-аяңға жол бермеуі тиіс.

Бізде жаттықтырушылар кеңесінде шахматта биікті бағындыра алмаған жолы болмаған адамдар, не болмаса, өз-өзінен қысылып, белгілі бір түсініктен аса алмайтын ақымақтар отыр.

Олар балалардың дамуына мүмкіндік бермейді, жүйе жоқ, жұмыс тетігі деген жоқ. Барлығын тек бюджет қызықтырады.

Ең алдымен, жұмыс қалпын реттеп алу керек, барлығын әділ түзу қажет. Әсіресе, балалар спортында. Балаларды әділ бәсекелестікке үйреткен жөн. Оларға ең жақсыны беру керек, ақша табудың жолына түсіп алудың қажеті жоқ. Қажетті іске ақша әркезде табылады, – дейді бүгіндері түрлі деңгейдегі шахмат жарыстарында Ресей намысын қорғауға мәжбүр қазақ қыздың анасы.

Қазақстан федерациясына Ресей тарапынан Бибісараны алмастыру туралы ұсыныс келіп түседі, олар үш ай бойына бұл мәселені біліп отырады. Бірақ ешқайсысы дым болмағандай, үнсіздік танытады, салдарынан қыз автоматты түрде таңдауына қарай, Ресейге кетеді.

– Кәсіби мамандар мені жақсы түсінеді. Қазақстан рейтингісінде Бибісара 4-орында тұр. Одан кейін біз Ресейге кеттік, онда 33-орындамыз. Демек, бұл арада ақша туралы әңгіме жоқ. Менің де намысым бар, өзімді басындыруға жол бере алмаймын.

Біз тек федерацияны алмастырдық, азаматтығымызды емес. Ресей – супердержава, олар да кім көрінгенді шақырмайды.

Сондықтан біз бұл ұсынысты қабыл алып, оны үлкен мүмкіндік деп санадық, – дейді Лиана Таңжарықова .

Ресей шахматы өз тарихында Ресейдің атынан 12 жас аралығында үш шахматшыға шақырту жолдаған:  Екатерина Лагно, Сергей Карякин және Бибісара.
Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз