Жарылғыш зат туралы жалған хабарлама берген Ақтау тұрғыны ұсталды

49 просмотров

Көлік полицейлері Маңғышлақ станциясындағы темір жол вокзалында жарылғыш зат бар екендігі жөнінде жалған хабарлама берген азаматты ұстады.

Бұл туралы ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Ақтауда 9-шілдеде жергілікті уақыт бойынша сағат 20.10-да «102» нөміріне белгісіз ер азамат хабарласып, Маңғышлақ станциясындағы темір жол вокзалының ғимаратында жарылғыш зат бар екендігін хабарлаған.

Бірден Ақтау станциясындағы ішкі істер басқармасы бөлімшесінің жеке құрамы «Жиын» дабылы бойынша көтеріліп, темір жол аумағын қоршауға алды. Ондағы жұмысшылар мен жолаушылар қауіпсіз жерге шығарылды. Маңғыстау облысының ішкі істер департаментінің саперлары ешқандай жарылғыш зат таба алмады. Сағат 22.10-да операцияны доғару жөнінде бұйрық түсті.

10 шілде күні Ақтау стансасының жеке бөлімі мен Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының барысында және Маңғышлақ стансасының темір жол вокзалында орналасқан бейнежазбалардың көмегімен 1991 жылы туған Ақтау қаласының тумасы ұсталып, ол өз кінәсін мойындады.

Қаскүнемнің айтуынша, ол бұзақылық арам оймен үрейлі хабарды жеткізіп, полицейлердің мұндай жағдайда қалай әрекет ететінін көргісі келіпті.

Жоғарыда аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы (Терроризм актiсi туралы жалған хабар беру) бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестрінде тіркелді. Қылмыстық кодекстің аталған бабы алты жылға дейін бас бостандығынан айыру санкциясын қарастырады.

Қазіргі уақытта күдікті Ақтау қаласының ішкі істер басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Загрузка...