Жан Ахмадиев өзі туралы даулы видеоға қатысты түсінік берді

2 176 просмотров

«Заманауи жырау» болып аты шыққан белгілі рэпер Жан Ахмадиев бүгін әлеуметтік желіде тарап кеткен даулы видеоға қатысты түсінік берді.

Бұл туралы Тengrinews.kz хабарлады.

Айта кетейік, бүгін әлеуметтік желілерде Жан Ахмадиев пен «Бақай» тобының мүшелері түсірілген видео пайда болған еді.

Роликте кадр сыртындағы ер адам көлікке жақындап, салондағылардан жерге қоқыс тастамауды сұрайды. Кейін көлік ішінде әншілердің отырғаны белгілі болады. Ролик әлеуметтік желі қолданушыларының арасында пікірталас тудырды. Себебі оқиға кезінде былапыт сөздер айтылады.

Біреулері әншіден көңілі қалғанын айтса, біреулер роликтің монтаждалғанын және сапалы түсірілгенін топшылап отыр. Қазіргі уақытта видеоны 4 мыңнан аса адам көрген.

Осы орайда, тілшімізге берген сұхбатында Жан Ахмадиев видеоның екі апта бұрын Алматы қаласының көшелерінің бірінде түсірілгенін айтты. Әншінің айтуынша, халық дұрыс түсінбей қалған.

«Негізінде бұл видео әлі өңделмеген, сондықтан желіге шықпауы тиіс еді. Біреулер оны қолды қылып, ғаламторға рұқсатсыз жүктеген. Сол себепті қазір мен бармақ тістеп қалып отырмын. Шын мәнінде бұл «Қазақпыз ғой-6» жаңа туындының тизері болуы керек еді. Видео басталған кезде оның тизері екені шығуы тиіс болған. Өзімнің және «Бақай» тобының жігіттерінің түсуі де сол себепті», — дейді сұхбаттасушы.

— «Қазақпыз ғой 6» жобасының негізгі мақсаты қоғамда осындай жігіттердің бар екенін, яғни нағыз батырлар (Олимпиада жеңімпаздары) мен жалған батырлар туралы түсірмекпіз. Сыра ішіп, шемішке шаққанша, спортпен айналысса деген ойдамыз. «Бақай» тобымен бірге түсіріп жатқан бейнебаянымызда жігіттердің қазіргі кейпін көрсетсек дейміз. Жаңа клиптің бұрынғылардан өзгешелігі — бұрындары қазақты сөгу, кемшілігін айтумен болса, бұл жолы қазақтың нағыз батырларын яғни мақтан тұтар азаматтарымызды шығарсақ дейміз. Бейнебаян қыркүйек айының соңында жарық көреді, — деді Жан Ахмадиев.

Загрузка...