Жамбыл облысында экология департаментінің басшыларына үкім шықты

51 просмотров

Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің басшысына, оның орынбасарына және «ГазСпецСтрой-А» ЖШС өкіліне қатысты үкім жарияланды. 

sud_1

 

Тараз қаласы №2 сотында ҚР ҚК-сі 366-бабы 3-бөлігі 2-тармақшасымен (пара алу), 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармақшасымен (билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) кінәлі деп танылған Жамбыл облысы бойынша Экология департаментінің басшысы М.Қонысбековке, оның орынбасары Д.Атауоллаұлына және  ҚР ҚК-нің 367-бабының 2 бөлігімен (пара беру) кінәлі деп танылған «ГазСпецСтрой-А» ЖШС өкілі М.Алтамировқа қатысты қылмыстық іс қаралды.

Іс материалдарынан,  Д.Атауоллаұлы мен М.Қонысбеков лауазымды тұлға бола тұра, өздерінің лауазымдық құқығына  жатпайтын әрекеттерге ықпал жасап, материалдық табыс алу мақсатында Департаменттің әкімшілік-мемлекеттік қызметкерлеріне аударылған сыйдан заңсыз ақшалай қаражат жинап алған. Осымен тоқтамай, Д.Атауоллаұлы мен М.Қонысбеков қызметтік өкілеттіктеріне кіретін және лауазымдық жағдайына байланысты сол әрекеттерге ықпал жасап, «ГазСпецСтрой-А» ЖШС өкілі М.Алтамировтан мемлекеттік тапсыру-қабылдау актісіне қол қою үшін 100 000 теңге талап еткен.

Көп ұзамай, пара алу барысында Д.Атауоллаұлын Жамбыл облысы сыбайлас жемқорлық Департаментінің қызметкерлері ұстаған.

Соттың үкімімен Д.Атауоллаұлы мен М.Қонысбеков Қазақстан Республикасы ҚК-нің 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағымен, 366-бабының 3 бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танылып, осы баптардың бөліктерімен әрқайсысына қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 000 000  теңгеден  айыппұл  төлеу жазасы тағайындалды.

М. Алтамиров Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің  367-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, оған 3 000 000  теңге көлемінде айыппұл  төлеу жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Загрузка...