Нұр-Сұлтан
Қазір
23
Ертең
18
USD
448
-1.49
EUR
478
-0.38
RUB
4.76
0.00

Жалға берілетін жерлерді мониторингтен өткізіп отыру шарт – министрлік өкілі

Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияның отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев жер заңнамасын жетілдіру туралы баяндамасында осылай мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрлік өкілінің айтуынша, қолданыстағы заңнамада жалға берілуі мүмкін жерлердің шекті мөлшері белгіленбеген. Жерді жалға беру конкурс арқылы, жалпы ережемен жүргізіледі. «Яғни, қолданыстағы заңнамада жерді жалға берудің ашықтығы қамтылмаған. Сондықтан да, халықтың жер бөлуге қатысты шараларға наразылығы бар.

Осыған байланысты министрлік ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға жалға беру шарттарын сақтай отырып, оның тиімділігіне мониторинг жүргізуді ұсынады.

– Бұл ретте мониторинг жерді нысаналы мақсатына пайдалануын қарастырады, топырақтың құнарлылығын сақтау және ластануына жол бермеуді тексереді. Сонымен қатар, жерді қорғау жөніндегі шаралар жүргізіліп, жерді тиімді пайдалануы бағаланады, – деді Ерлан Нысанбаев.

Оның айтуынша, мониторингті бастапқыда әрбір бес жыл сайын өткізу ұсынылады. Сосын әрбір жеті жылда өткізіледі. Бұдан бөлек, Жер кодексіне ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру тәртібін реттейтін бап енгізуді ұсынамыз. Онда ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға беру ерекшеліктері белгіленеді.

– Мәселен, ауыл шаруашылығы жерлерін тек конкурс арқылы жалға беруді ұсынамыз. Оның ережесін орталық мемлекеттік органдар бекітеді. Ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету үшін жер бөлу жөніндегі конкурстық комиссияның құрамына қоғамдық бірлестіктердің, ұлттық кәсіпкерлік палатасының өкілдері енгізілуі керек, – деді вице-министр.

Бұдан бөлек, министрлік ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру бойынша конкурс өткізудегі әкімдіктердің іс-әрекеттері де нақтыланбақ. Айталық, әкімдіктер конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің тізімін анықтап, жердің жалдау ақысының мөлшерін нақтылайды, конкурс өткізудің мерзімдерін белгілейді.

Еске сала кетейік, Жер реформасы жөніндегі комиссия отырысында бүгін үш мәселе қаралуда. Олар: жалға беру институтының қалпына келуіне байланысты мәселелер; шекара маңындағы жерді пайдалану мәселесі; жайылым мәселесі.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз