Нұр-Сұлтан
Қазір
23
Ертең
18
USD
448
-1.49
EUR
478
-0.38
RUB
4.76
0.00

«Жақсыбеков күдік туғызады, Нығматулин қатал адам» – саясаттанушы

111

«Есімізде, күні кеше Елбасы Әділбек Жақсыбековты жерден алып, жерге салған. «Астанада жаңбыр жауса қаланы су алады, Талдыкөлден ескен сасық жел қолқаны қабады» деген Назарбаев. Жақсыбеков бұл мәселені тездетіп шешпесе Талдыкөлдің жанына киіз үй тігіп, қаланың әкімі мен оның орынбасарларын осы киіз үйге кіргізіп қоятынын айтқан.

Енді міне, Жақсыбеков Президент әкімшілігінің жетекшісі болып шыға келді. Елбасы «Әділбектен жөні дұрыс шаруақор шықпады, бәлкім аппараттық қызметте жолы болар» деп ойлаған шығар, кім білген.

Шынымды айтсам, аталған тағайындауға қатысты менде сауал да, күдік те көп.

Ал Нұрлан Нығматулиннің жаңа қызметке жайғасуында өзіндік қисын бар.

Нығматулин өте ықпалды саяси технолог, ұйымдастырушылық қабілеті мен қаталдығы және бар.

Менің ойымша, Президент оның алдына заң шығарушы органның соңғы айларда тым төмендеп кеткен беделін көтеру және аталған органды биліктің жеке бұтағы ретіндегі рөлін арттыру туралы нақты тапсырма жүктеді.

Қазіргі депутаттық корпус қоғамның және осы қоғамға сөзі жүретін ықпалды тұлғалардың тарапынан үлкен сынға қалды. Кейбір халық қалаулылары мандатын алмай жатып, басы бәлеге қалады. Халықтың ашуын туғызған мәлімдемелер жасап, «аңдамай сөйлеген, ауырмай өледінің» күйін кешті.

Былайша айтқанда абыройдан жұрдай болды. Бұл бүкіл депутаттық корпусқа қатысты. Демек, Назарбаев Нығматулинге бірінші кезекте Парламентті тәртіпке келтіріп, оған деген халықтың сенімін қайтаруды тапсырды.

Өз басым Бақтықожа Ізмұхамбетов өзінің парламенттегі жұмысын депутат қызметінде әрі қарай да жалғастырады деген ойдамын. «Ізмұхамбетов парламенттегі депутаттық комитеттің бірін басқарады» деген сөз бар. Шындыққа саятын сияқты. Оны санаттан шығаруға әлі ерте.

Президент кез-келген уақытта оны Қазақстандағы облыстардың біріне әкім қылып жіберуі ғажап емес.

Ал Әсет Исекешевке тоқталар болсақ, ол қолынан іс келетін мемлекеттегі санаулы менеджерлердің бірі.

Елбасының оған Астананың тізгінін сеніп тапсырғаны бекер емес. Анығында, бұл Назарбаевтың Исекешевке сенім артқанының көрінісі. Президент Елорданы екінің біріне сеніп тапсыра салмасын саяси орта жақсы біледі.

Исекешевтің жетекшілігімен индустриаланудың алғашқы бесжылдығы табысты аяқталды. Бұған дәлел: отандық экономикадағы әрбір 5-ші жұмыс орны аталған бағдарламаның арқасында құрылды.

Бұдан тыс, Исекешевтің бұқарамен, ақпарат құралдарымен кері байланысы жақсы деңгейде. Сондықтан өз басым Президенттің Исекешевті Астананың әкімі қызметіне тағайындауын қолдаймын. Ендігі мәселе Әсеттің Мемлекет басшысы артып отырған үмітті ақтай алуында жатыр…

Исекешовтың орнына келген Жеңіс Қасымбек жаңа формацияның адамы, жол-транспорт және логистикалық саладағы жетекші маманның бірі. Қасымбек инвестициялық саясаттың қыр-сырын жақсы түсінетін адам. Демек, Исекешовтың орнына «көлденең көк атты» келген жоқ, саланы білетін адам келді.
Алайда барлығын уақыт көрсетеді. Жаңа тағайындаулардың қандай нәтиже беретінін алдағы жылы-ақ бағамдайтын боламыз», – дейді саясаттанушы Артұр Нығметов.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз