Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
3
USD
450
-0.49
EUR
487
-1.57
RUB
4.86
0.00

Ашаршылық, қазақ байлары және Рамазан айы. Апталық шолу

233

Оны айтасыз, қазақ даласындағы ашаршылықты геноцид деп мойындатпақ түгілі, бүгін біз осы екі бөлек қайғылы кезеңді атап өтуді бір-бірінен ажырата алмай келеміз. Әйтпесе, ашаршылық құрбандарын бір бөлек еске алып, ал саяси қуғын-сүргін құрбандарына бөлек аза тұту күнін арнасақ, бұл тәуелсіз елдің тәуелсіз ишаратын байқатар еді ғой…

Ишарат демекші, қазақы қоғам арулап, құрметтейтін Алматыда бір жер бар. Ол – қазақ интелегенциясы азапталып, әбден езгіге салынған НКВД-ның жертөлесі. Жантүршігерлік қырғынды көзі көргендер кезінде ол араға белгі салып, қара тас орнатқан.

Міне, соның орнына ескерткіш орнату жайы қоғамда 23-24 жыл бойына көтеріліп келеді. Бірақ бұл ұсынысты қабылдай қоятындай жоғары жақтағылардан осы күнге дейін ешқандай ым-ишара байқалмайды. Ал осы аптада тура сол саябақтағы қара тас жанынан сөз алған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, ақыры ол ескерткіштің жуырда бой көтеретінін мәлімдеп, көптің көңілін бір көтеріп тастады.

Жиынға қатысқан қоғам белсенділері

енді Алматы қаласы көшесіндегі кеңес жүйесінің қанды қол басшыларының бірі — Мирзоянның атын алдыртып тастасақ, жақсы болар еді, –

десіп жатты.

Жоғарыда «елім» деп елжірейтін бір тұлға болса, бұл сүйінші хабарды да жақын арада естіп қалармыз деп үміттенеміз.

31-мамырда ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына еліміздің көп жерінде Құран оқылып, мал сойылып, ас берілді. Осындайда қайғыңды бөлісер өзінен басқаның жоқтығын қазақ бір түсінген болар. Өйткені осы күні Елбасына хат жолдап, қаралы датаға қатысты ой білдірген бір шетелдікті байқамадық. Есесіне, шетелдегі өзіміздікілер жарады.

31-мамырда Қытайдың 2 мыңнан аса қазақ студенттері ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарының құрметіне бір күн ораза тұтып, өткенді еске алды.

Бұл – олардың қайғыға ортақтасу, ата-бабасына құрмет көрсету белгісі ғана емес, сонымен қатар ешкімге жалтақтығы жоқ тәуелсіз азаматтық позициясы.

Расында, біз жоғарымен көп текетіресеміз, өйтпеді дейміз, бүйтпейді дейміз. Ал өзіміз жеке азаматтық қоғамның өкілі ретінде не істедік? Мысалы, қаралы датаны қалай қабыл алдық? Мұндай сауалдарды біз өзімізге қоя бермейміз. Өйткені „мемлекет жасайды, үкімет істеуі керек„ деген тәуелді кеңестік санадан әлі арыла алмай келеміз. Тәуелсіз позиция ұстанбаймыз.

Қазақтың жаңа буржуазиясы бой көрсетті

Тағы бір сүйінші хабар — Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданынан келіп жетті. Онда аудан орталығы Ақсуат ауылында Ұлы Абайдың 7 метрлік еңселі ескерткіші бой көтерді. Қазақтың ұлы тұлғасының мүсінін тұрғызу үшін жергілікті кәсіпкерлер өз қалтасынан 3,5 миллион теңге жұмсапты.

Бәлкім, біреулер қазір кім ескерткіш тұрғызбай жатыр, оның несі жаңалық дер. Бірақ бұл – тәуелсіз елдің тәуелсіз буржуазиясының қалыбы соғылып жатқанын танытатын белгі!

Рас, қазір бей-берекет ақша шашқан капиталистердің салт-санасы бұрынғы байларға теңесе алмайды. Бұрынғы бай өзінің байлығын бүтін ауылымен бөліскен, өз руындағы жарлы-жақыбайларды жан-жақты қолдап, мектеп, мешіттер салған. Сөйтіп елдік мәселеге ат салысып, белсенділік танытқан.

Ал қазіргінің көп байы, өкінішке қарай, бүтін ауыл түгілі туғанын да елеп-ескермейді. Ұлт үшін, болашақ ұрпақ үшін маңызды дүниеге қайырымдылық жасағысы жоқ. Оның орнына сырттан аты дардай бір шіңкілдек әншіні қымбатқа алдыртып, бір күндік көңілін көтергенге мәз болады. Осы жағынан алғанда, ақсауаттық кәсіпкерлердің мәрттігі сондайларға үлгі болса дейміз, біз.

Құдайсыз ел емеспіз!

Тағы бір барша мұсылманға ортақ сүйінші хабар — Қасиетті ай — Рамазанның таяп қалғаны!

Бізді кешегі өткеннен ерекшелейтін белгі — Құдайсыз елден Тәуелсіз елге аяқ басқанымыз. Ал тәуелсіздікті айшықтаушы бағыт – ұлттың тарихы, ұлттың тілі, сонымен қатар ұлттың діні. Қазақстан халқының 80 пайызы мұсылман десек қателеспеспіз. Ендеше, ел болып тұтасуда, ұлттың тәрбиесінде дініміз үлкен рөл атқарады.

Иә, биыл 6-маусымнан бастап ауыз бекітеміз. Соған байланысты осы аптада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы халыққа үндеу де жариялады.

Өз үндеуінде бас мүфти қасиетті айдың құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға жеңілдік жасалса, Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деп көптің көңілінде жүрген мәселені қалың қауым мен билікке қарата жеткізді.

Жылда дінбасылар ел ішіндегі мұсылмандыққа жат қылықтарға осылай үн қатып, оны қадағалап отырса, діни сеніміміздің іргетасы тез нығайып, қоғамымыз да тәрбиелене түсер деп үміттенеміз.

Лайым, бұл айдағы баршаның тілегі қабыл болып, Жер шары дін аман болсын! Бастысы, ұлтымыздың мешелденген санасына жан бітірер осындай жақсы хабарлар мен шаралар көбейе берсін!!!

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз