Жаңаөзенде мұнайшылардың ереуілі әлі жүріп жатыр

112 просмотров

Жаңаөзен қаласында «Бұрғылау» мұнай сервистік компаниясының 200-ге жуық жұмысшысы жұмысты тоқтатты. Олар басшылықтың жалақы мен жұмыс уақытын қысқартуына және кәсіподақтың жаңа жетекшісін жұмысқа кіргізбей отырғанына наразылық білдірді.

Жұмысшылар бес күннен бері наразылық акциясын өткізіп келеді. «Бұрғылаудың» жүздеген жұмысшысы жұма күні таңертең тағы да Жаңаөзен автобекетінің маңына жиналды. Акцияға қатысушылардың бірі Бүркітбай Өтеевтің айтуынша, компания басшылығы жұмысшылардың өздері сайлап алған кәсіподақ басшысы Сәдуақас Бекқалиевті жұмысқа кіргізбей отыр.

Жұмысшыларға жолығуға келген бұрынғы кәсіподақ басшысы Төлеген Досниязов жұмысты Бекқалиевке тапсыруға дайын екенін мәлімдеді.

Бұған дейін «Бұрғылау» кәсіпорынының басшылығы Бекқалиевті сайлау кезінде жарғы ережелері сақталмағанын айтып, сайлауды қайтадан өткізуді ұсынған.

Бейсенбі күні наразылықтағы жұмысшылар «Бұрғылау» компаниясының бас директоры Асхат Сариевті жұмыстан босатуын талап етті. Жұмысшылардың айтуларынша, ол белсенді жұмысшыларды қудалаған. Кеше наразылық акциясы өтіп жатқан жерге келген Сариевтің өзі бұл айыптауды жоққа шығарды.

Загрузка...