Нұр-Сұлтан
Қазір
5
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

«Орысша айтпаймын» дегенің — алтыннан да қымбат!

354

Жәзира Жаппарқұл Оңтүстік Қазақстан облысында Арыс қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ол – үйіндегі жетінші бала. Жетеуі де қыз екен. Ата-анасы ұл баланы қатты аңсағандықтан да Жәзира ер мінезді боп өскен секілді. Есесіне, толағай қыз кез келген еркек бағындыра бермейтін белестерді еңсеріп, бар қазақтың мәртебесін асырып, дүйім жұрттың ризашылығына бөленіп жүр.

Жәзира 8 жасынан бастап, ауыр атлетикамен айналыса бастаған. Оған ең алғашқы жетістік 2010 жылы бұйырды. Жастар арасындағы Азия чемпионатында 69 келіде ІІ-орын алды. Осы жылы жастар арасындағы Олимпиадада 63 келіде алтынды еншіледі.

Қазір ол Шымкентте тұрады, спортпен сол арада шынығады. Қазақстанның халықаралық деңгейдегі спорт шебері.

Әлеуметтік желі қолданушылары Ильин мен Жәзирадан ұқсастық тапты

Илья Ильинді қазақтар қалай жақсы көретінін білесіздер ғой. Әрине, ол бүгін өмірінің сындарлы кезеңін өткізіп жатыр. Оған тек амандық тілейміз. Әрине, оның Қазақстан қоржынына салған әр медалі біздің халық үшін бағалы.

Бірақ қазақтар оны спорттағы жетістігінен тыс, қазақы мінезі үшін жақсы көреді.

Бала секілді ішіндегісін бір-ақ ақтарады. Бір зіл мен арамдықты ішіне сақтамайды. Сондықтан да спорттың сыни сәттерінде өте сабырлы әрі байсалды, өзіне сенімді. Міне, осы мінез Жәзираға да тән деп, оны әлеуметтік желі талқысында Ильинге ұқсатып жатқандар бар.

Есболат Айдабосын Facebook-теггі жеке парақшасында:

„… Ильин екеуінде ұқсастық бар, әйтеуір. Қобалжымайды, сәтсіздіктің өзін күліп қарсы алады. Бұл – спортшыға керекті қасиеттің бірі. Псиxологиялық тұрғыда сынып кететіндердің сойынан емес. Зілтемірден бұрын өзінің көңілін көтеріп алады екен. Жазира алысқа барады„ – деп жазады.

Шүлдірлеген қазақ қыздары Жәзирадан үлгі алыңдар!

Бәрінен бұрын Жәзираның жүлде алғаннан кейінгі сұхбаты баршаны елең еткізді. Ол журналистерге қазақ тілінде сұхбат беріп, жеңісін еліне арнайтынын алға тартты. Сөйтіп, сұхбат соңында журналист ойын орыс тілінде айтып беруді өтінгенімен, қазақтың қайсар қызы «орысша айтпаймын» деп қысқа қайырған еді.

Бұл бүгін әлеуметтік желіде ең көп көріліп, жанына жаққанын көп білдірген сұхбаттың бірі болды.

Видеоны тамашаушылардың бірі:

„2016 жылдың хит сөзі — Жәзираның орысша айтпаймын деуі болады„

десе, тағы бірі:

„Шүлдірлеген қазақ қыздары Жәзирадан үлгі алыңдар„

деп жатты.

Жәзира бәзбір спортшылар құсап мәймөңкелемеді, жүлдесін Қазақ еліне арнады!

Ал тағы бір сөз талқы иесі Жәзираның өз жүлдесін Қазақ еліне арнаймын деуіне қатты тебіреніп, оның баз бір спортшылар секілді „президентіме„, „жаттықтырушыма„ деп мәймөңкелемегеніне дән риза болыпты.

Сөз соңында Facebook желісін қолданушы Марат Мадалимов пен торғайлық ақын Саят Әбеновтің Жәзира Жаппарқұлға арнаған арнау өлеңдерін бере кетелік:

К ү м і с С Ы Р Ғ А

Бүгінгі түн керемет нұрланғандай,
Жасырынып жүректе жыр қалғандай.
Жазиражан, Жазира, Жазира қыз,
Ай астында жарқ еткен сырғаң қандай?!

Қазағына жымиып жүріс қылған,
Алтынды да менсінбей ығыстырған,
Қиық айға керемет ұқсайды екен,
Құлағыңда тербелген күміс сырғаң.

Оң қолыңда шәйіңнің шыныаяғы,
Оны ұстаған қолың да тым аялы.
Көлеңкесін күмістің сағалаған,
бриллианттар “жұмыссыз” мұңаяды.

Махаббатқа болмайды мұң жиюға
Алтын кетті алқаптан гүл жиюға.
Қола медаль жүр әне, кезек күтіп,
Күмісіңнің қолына су құюға.

Елден ерек білдіріп ептілігін,
Күміс күлкің сыңғырлап жетті, күнім.
Бас айналып барады, бас айналып,
Бүкіл дүние күміс боп кетті, бүгін..!

13900146_1669651546691762_504111211420762520_n

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз