«Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығында» дәстүрлі ІV «Диалог алаңы: ғылым мен бизнес» басқосуы өтті.
Бұл жолғы басқосу «құрылыс мен ғылым қаншалықты байланыста?» деген мәселеге арналды. Жиынға еліміздегі ғалымдар мен Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының өкілдері, кәсіпкерлер қатысып көкейдегі ойларымен бөлісті.
Жиынды ашқан ҚР құрылыс саласының ұлттық қауымдастығы президенті Әділше Ермұханов әлемдік қаржы дағдарысы отандық құрылыс саласына ауыр соққы болып тигенін алға тартты.
– Құрылыс саласы Қазақстан экономикасындағы басым бағыттардың бірі. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша биыл салаға 3млрд. доллар қаржы бөлініп, 94 мың жұмыс орны ашылмақ
– деді ол.
Жану мәселелері ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Ерхан Әлиев жиналған қауымға үй тұрғызуға арналған 3D принтерін таныстырды.
Өз сөзінде ғалым іргедегі көршіміз Ресейде құрылыс саласына 3D принтерді қолдануға деген талпыныс артып отырғанын алға тартты.
– 3D принтерлер алдағы уақытта құрылыс саласында дүмпу туғызады. Заманауи қондырғыны қолданып құрылыс салғанда шығын көлемі айтарлықтай азайып, сапалы үй тұрғызуға мүмкіндік туады
– деді Ерхан Әлиев.
Ал Тараздан арнайы келген М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ғалымы Серік Нұрпейісов күкіртбетон жобасы жайында әңгімеледі. Ол елімізде тау болып үйіліп жатқан күкіртті жол құрылысына кең көлемде пайдаланудың жолын тауыпты.
Толықтай ғылыми негіздемесі жасалынған жобаны өндіріске енгізу үшін 80 млн. теңгеден астам қаржы керек. Ғалым «күкіртбетон өндірісі жолға қойылатын болса, еліміздегі жол құрылысына жұмсалатын қаржы үнемдеуге болады», – дейді.
Бұдан басқа ЕуроОдақтың «Горизонт 2020» бағдарламасының еліміздегі үйлестірушілері қазақ ғалымдарын осы жобаға қатысып, бақтарын сынауға шақырды.
Жиынға қатысқан тараптар мұндай маңызды басқосулар жиі өтуі керектігін тілге тиек етті.