Биыл Қызылорда облысында ҰБТ-ны тапсыру маусымның екісі мен төрті аралығында өтеді. Бұл туралы бүгін «Сыр медиа» ЖШС жанындағы облыстық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев мәлімдеді, – деп хабарлайды inform.kz.
– Биыл облысымызда 6564 оқушы мектеп бітіріп жатыр. Оның 4559-ы ҰБТ-ға қатысады, яғни, мектеп бітіруші түлектің – 69,5 пайызы. Ал «Алтын белгіге» үміткер түлектердің саны – 329 оқушы, «Үздік аттестатқа» үміткер – 123 оқушы, – деді Бақытжан Сайлыбаев.
Облыста ҰБТ тапсыру үшін 9 пункт, 104 аудитория дайындалған, оның екеуі – Қызылорда қаласында.
– Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің 5-ғимараты мен №2 мұрагер мектебі сақадай сай. Барлық қажетті құралдармен жабдықталған. Бейнекамералар орнатылған, ұялы телефонды тұншықтырғыш та жұмыс істеп тұр. Алыс аудандардан келетін оқушылар үшін 139 автобус дайындалды, – деді облыстық білім басқармасының басшысы.
Биыл облыста халықаралық конкурстардың жеңімпаздары атанған 37 мектеп бітіруші түлектер ҰБТ-дан босатылған, яғни, олар тестілеуден өтпей-ақ студент атану мүмкіндігіне ие болғандар.