Қытайдағы өндіріс күшін Қазақстанға көшіру бойынша 26 млрд доллардың 51 жобасы құрылды. Бірігіп, игеруге арналған қос мемлекеттің бұл бағдарламасына, негізінен, индустриаландыру мен инновация саласының жобалары енеді.
Бұл туралы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Синьхуа агенттігіне берген сұхбатында мәлім етті деп хабарлады РИА Новости.
„Біздің елдердің үкіметі Қытайдың өндіріс күштерін Қазақстанға көшіру туралы бағдарламаны жасақтады. Оның негізіне индустриаландыру мен инновация саласындағы қазақ-қытай әріптестігі жобаларының тізімі алынды. Бүгінгі таңда оған 26,2 млрд доллардан астам соманы құрайтын 51 жоба еніп отыр„ – деді ол Қытайға сапары алдындағы сұхбатында.
Оның екеуі іске қосылып та қойыпты: полипропилен ұнтағы өндірісі құрылғыларының модернизациясы және жеңіл автокөлік өндірісі.
– Қазір біздің елімізде Қазақстан бойынша транзиттік тасымал тиімділігін арттыратын 16 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл қытай компаниялары үшін жаңа транспорттық мүмкіндіктерді ашады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Президент екі елдің біріккен іс-қимылында жоғары құн салығына бағытталған жоғары технологиялық саланы қарыштатуға басымдық беріліп жатқанын да баса айтты.
Еске сала кетелік, 1-қыркүйекте кешқұрым Нұрсұлтан Назарбаев G-20 Саммитіне қатысу үшін Қытайдың Ханчжоу қаласына ат басын тіреді. Онда Мемлекет басшысының ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуі және Саммит аясында делегациялар басшыларымен келіссөздер өткізуі жоспарланған.