Халықаралық бір топ ғалым Бейжің қаласының жер астына түсіп бара жатқанын анықтап отыр. Жер асты суларын шектен тыс сору және топырақ қабатының бұзылуынан Қытай астанасы жер астына жыл сайын 11 сантиметрге түсіп барады.
Бұл туралы bnews.kz хабарлайды. Зерттеушілер қаланың отыруы халықтың өміріне қауіп төндіретінін және жоғарыжылдамдықты теміржол жүйесіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін екенін айтуда. Жердің биіктігіндегі өзгерісті жер бедерінің өзгерістерін тіркеуге арналған InSAR құрылғысы анықтаған.
Жердің отыруы әсіресе көк тіреген ғимараттары, айналма жолдар мен басқа қала инфрақұрылымдары көп шоғырланған Чаоян ауданында қатты байқалып отыр. Жер қабатының әртүрлі болып шөгуі биік ғимараттар мен көлік туннельдері үшін аса қауіпті.
Бейжің – мыңдаған жылдар ішінде жер асты сулары жинақталған жазықта орналасқан қала. Ұңғымаларды көптеп қазып, су айдаудың салдарынан жердің топырақ қабаты кеуіп, жиырыла бастаған. Айта кетерлігі, қала аумағында және оның төңірегінде көгалдандыру және ауыл шаруашылығы үшін ондаған мың су айдайтын ұңғылмалар бар.