Қырғызстанда террорға қарсы іс-шаралар күшейтілді

8 просмотров

Президент Алмазбек Атамбаев елдің күш құрылымдары басшыларының Қытайдың Бішкектегі елшілігіндегі жарылыстан соң шұғыл тергеу жұмыстары туралы есептерін тыңдады, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

Қырғыз президенті МҰҚК және ІІМ басшыларына осыған қатысты тергеу жұмыстарын тиянақты жүргізуді тапсырды. Қорғаныс кеңесінің хатшысы Темір Жұмақадыров ҚХР елшілігіндегі жарылысты зерттеуге жетекшілік ететін болады.

Атамбаев аса маңызды нысандар мен дипломатиялық өкілдіктердегі күзетті күшейтуді, бұған қоса адам көп шоғырланған орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тапсырды. МҰҚК жарылыс фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Еске салсақ, 30 тамызда жанкешті терроршы жарылғыш тиелген көлікпен ҚХР-ның Бішкектегі елшілігінің қақпасын бұзып өтіп, жарылғышты іске қосқан. Қытай елшілігінің үш қызметкері ауруханаға жеткізілді.

Қытайдың сыртқы істер министрлігі елшілікке жасалған шабуылды «аса қауіпті әрі қатыгездік» деп атады. Қытай Қырғызстан билігін қылмысты ашуға шақырды. Әзірге ешқандай ұйым шабуылды мойындаған жоқ.

Загрузка...