Қырғызстанда Конституцияны өзгерту жөнінде референдум өтеді

13 просмотров

Қырғызстан социал-демократиялық партиясы (ҚСДП), «Республика — Атажұрт», «Онугуу-Прогресс»  және «Қырғызстан» парламенттік фракциялары ел Конституциясын өзгерту жөнінде референдум өткізу туралы ұсыныс жасады. Бұл туралы «Азаттыққа» ҚСДП жетекшісі Иса Омуркулов хабарлады.

Оның айтуынша, елдің басты заңына өзгерту енгізуді көздейтін заң жобалары жақын күндері қоғамдық талқылауға ұсынылады. Одан соң заң жобалары парламентте қаралады. Референдумды 2016 жылдың күзінде өткізу жоспарланған.

«Азаматтар өзгертулер мен толықтыруларды ашық талқылай алады. Бұл — ел президентінің бастамасы. Заң жобалары премьер-министрдің құзыретін кеңейтуді, сот жүйесін реформалауды тездетуді және басқа да өзгерістерді қарастырады», — деді Омуркулов.

Бұған дейін Жогорку Кенеш спикері Чыныбай Турсунбеков пен ҚСДП парламенттік фракциясының лидері Иса Омуркуловтың қолдары қойылған құжат әлеуметтік желілерде жария болған еді. Онда парламент аппаратының басшыларына Конституцияға өзгерістер енгізуді қарастыратын заң жобаларын kenesh.kg сайтына жариялау тапсырылған.

Загрузка...