Қырғыздар жер мәселесінде қазақ президентінің шешімін қолдайды

45 просмотров

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» Жарлығы қырғызстандықтардың да қолдауына ие болып жатыр. Қырғыз халқы да тура осындай талапты өз билігіне қойып жатыр. Бұл туралы „Түркістан„ газетінің Қырғыз Республикасындағы тілшісі жазады.

«Жерге меншік құқығы біздің өлкемізде де бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болып тұр. Қырғызстанда кейінгі жылдары қабылданған заңнамалар шетелдіктердің жерді жалға алып қана қоймай, оны толықтай иеленуіне алғышарттар жасауы мүмкін. Бұл өлкеміздің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Шетелдіктерге жерді жалға беруге Қырғызстанда да мораторий жариялануы керек. Президент Н.Назарбаевтың шешімін қолдаймыз»,

– деген Қырғызстанның Үкіметтік емес ұйымдары қауымдастығының төрайымы Тоқтайым Үмөталиева.

Оның айтуынша, қырғыз жеріндегі жер бөлінісі әділетті жүргізілмейді. Көп жер қалталылардың еншісінде, соның ішінде шетелдік инвесторлардың да. Бірақ ол туралы ашық ақпарат жоқ екен.

Сондықтан Қырғызстанның белгілі құқық қорғаушысы шетелдіктерге жер учаскелерін жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығын беру, сондай-ақ республиканың азаматтарына және заңды тұлғаларына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне жеке меншік құқығын беру мәселелері Қырғызстанда да өте байыптылықпен қайта қарауды қажет етеді деп санайды.

Загрузка...