Нұр-Сұлтан
Қазір
10
Ертең
6
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

«Есікті аш» дегенде есімді жидым — содырлар мінген автобус жүргізушісінің әңгімесі

Жергілікті Аktobenews басылымына берген сұхбатында атыс басталып кеткенде, ең алдымен, қасында кондуктор болып істеген әйелін іздеп, қатты алаңдағанын айтады.

— Ол күні әдеттегідей 1-ші бағыт бойынша жұмысқа шықтым. Сағат түскі 13.00-ге таман автобустың қозғалтқышы қыза бастады. Қаланың ескі бөлігінен шағын аудан жағына бара жатқан жолаушылар аз болғандықтан аялдамаларда көп тоқтаған жоқпын. Көліктің қозғалтқышын қарау үшін соңғы аялдамаға асықтым. Көпірден төмен түскен кезде Әлия Молдағұлова даңғылы бойында көлік кептелісінің бар екенін аңғардым да, „кіші Әлияға„ қарай бұрылдым. Бәрі сол кезде басталды,— дейді оқиға орын алған сәттерді есіне алған Мұрат.

„Қайдан шыққаны белгісіз жол полициясы көлігі пайда болып, жолды жапты. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері атып-атып шықты. Бірден атыс басталды. Автобуста отырғандардың айқай-шу мен тарсыл-гүрсілден естері танып қалды. Ал мен қауіпсіздік белдігін ағыта алмай әлек болдым. «Қашыңдар», деп айқайлағаным есімде. Алайда олар еденге жата қалысты. Қасымда келіншегім (кондуктор болып жұмыс жасайды) бар еді, соны қараймын айнала. Бар ойым: соған оқ тимесін, сол аман қалсын. Ол сәтте өзім туралы ойламадым„ – дейді ол.

Ары қарай көлікті кепілге алған қылмыскерлер ішіндегінің барлығын шығарып жібергенмен, жүргізушіні алып қалған. Мұраттың шекесіне автомат таянған оған, ешнәрсеге қарамай газды басып, алға жүруді бұйырған.

„Мен жолдағыларды айналып өтуге тырыстым. Кей жерде жолдың қарсы бағыттағы көліктерге арналған бөлігіне шығып кетсем, кей жерде тежегішке бастым. Өзімнің өмірім үшін басқаларды өлтіруге құқым жоқ қой. Әскери бөлімге жеткенде лаңкестер тірі қалуым үшін бір ғана мүмкіндігімнің бар екенін айтты. Ол үшін бөлімнің қақпасын бұзып кіріп, қоймаға дейін жеткізуім керек еді„ дейді ол.

Мұрат қанша қорықса да тура осы араға келгенде өзіндік шешім қабылдаған. Қақпаны бұзып кіре берген кезде ол автобустың қозғалтқышын өшіреді. Әдейі. Ондағы ойы: бұларды көрген қарауылдағылар қылмыскерлерді әскери бөлімнің ішіне кіргізбейтін болар. Алайда бұл ойы ақталмады. Қылмыскерлер бірден оқ жаудырып, қарауылдардың көзін құртқан.

– Құлағым естімей, көздерім көрмей, есімнен танып қалдым. «Есікті аш» деген айқайдан кейін жидым есімді. Олар бөлімнің ауласына қарай жүгірді. Осы қарбалас сәтті пайдаланып, артқы есікке барып, далаға қаштым. Олар менің артымнан да оқ жаудырды. Мен дуалдың артына жасырынып үлгердім. Содан шығасылы-кіресілі болып, тұрғындар қалашығындағы автобустар тұратын жерге жеттім, – дейді ол.

Мұрат осындай ауыр оқиғадан соң басының ауыратынын, оған ешқандай ем тағайындалмағанын айтып, шағымданады.

– Облыстық жедел жәрдем ауруханасында қабылдауда болдым. Қысқаша айтқанда, бір-біріне сілтеді. Менің әлі де басым ауырады, бірақ маған ешқандай ем тағайындаған жоқ. Қазір туған жерім Қобдадамын. Тыныш жағдай мен туыстарымның ортасы қорқынышты сәттерді тез ұмытуыма көмектеседі деп ойлаймын. Толық медициналық тексеруден өткім келеді. Таныстарымның айтуынша, оған 15 мың теңге қажет екен. Жедел түрде мұндай ақшаны табуым керек. Ал «Автопарк» басшылығына көп сеніңкіремеймін. Олар материалдық көмектен үміттенбеуімді онсыз да тұспалдап жеткізді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз