«Алтынға лайық едім-ей!». Левит күміс медальді қалтасына сүңгіте салды

531 просмотров

Қазақстан бокшысы Василий Левит төрешілер тарапынан әділетсіздік жасалса да қарсыласын барынша сыйлай отырып, өзінің бас жүлдеге лайық екенін астарлап жеткізді. Қалай дейсіз бе, суретке түсер алдында өзінің күміс медалін қалтасына салып қойды. Осылайша тек бір ғана медаль — алтын суретке түсті.

Левит ресейлік боксшы Евгений Тищенконы үш раунд бойына шаршы алаңның төрт бұрышына қуалап жүріп сабады. Тіпті, бір кезде ауыр соққыдан шатқаяқтап қалған ресейлік боксшыға медициналық көмек те көрсетілді. Бірақ, соған қарамастан, төрешілер бір ауыздан жеңісті жерлесіміздің қарсыласына берді. Залдағы көрермендер бұл шешіммен келіспей, ысқырып, қатты наразылық білдірді.

Жүлдегерлерді марапаттау рәсімінде де залдағы наразылық дауыстар бір сәтке дамыл таппады. Ресейлік боксшының берекесі әбден қашып, өңі бозарып кетті. Оның мұндай халі Левитті бей-жай қалдыра алмады. Ол сұқ саусағын аузына апарып, залдағыларды тынышталуға шақырды.

Осы бір әрекетін қағып алған ресейлік басылымдар Левит жеңілісін өзі мойындады дегендей жазып та жіберді. Бірақ Левит өз жеңілісі емес, бұл арада қасындағы әріптесінің осындай масқараға қалғанына жаны ашып, жігіттік танытып, оған көмектесуге тырысқан еді.

Марапаттау рәсімінен соң, Левит күлімсірей келіп, ресейлік әріптесімен қол алысып, бірге суретке түсті.

Алайда ол суретке түсер алдында өз медалін қалтасына салып қойды. Осылайша тек бір ғана медаль — алтын суретке түсті.

Бұл Василий Левиттің „алтынға лайықпын„ деген ишарасы іспетті болды

Астарлы бұл сурет әлі де талайдың талқысына қалатыны сөзсіз. Бір белгілісі — ол алтын Василий Левитке тиесілі болатын.

1980 жылғы Олимпиадада әлемдегі ең шебер боксері деп танылған Серік Қонақбаев та тура осылай еткен еді. Ол да өз күміс медалін қалтасына салып қойған.

Ол кезде оның қарсыласы итальяндық Патрицио: «Серік, кешір, сен жеңдің, бірақ енді осылай болды» деп арқасынан қағып кеткен екен.

Бірақ, өкінішке қарай, Левит жасаған мәрттіке Тищенко қарымта қайтара алмады.

Біздіңше, ең соңына дейін  мәдениеттілік пен сабырлық танытқан Левит Тищенко тарапынан осындай бір мойындауды күткендей болды.

Загрузка...