Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
8
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Удай баға, қоқысқа толы жаға. Қапшағайдағы демалыс сиқы осы ма?

Есік алдындағы ескі кереуетте жатқан адам «клиент келді» деп атып тұру керек еді. Жоқ. Жатыр. Әйел екен. Көз қырын салар емес. Осы жердің қожайыны сияқты. Қызмет көрсетушілер де енжар. «Қонсаң – қон, қонбасаң қой» деген кейіп танытып тұр. Біз емес, олар қонақ сияқты. Бізге бұлданады…

Сәкіде жатқан қожайынға жақындадық.

Есенсіз бе? Демалуға келдік. Жанымызда жас балалар бар, солар көлеңкелеп, көз шырымын алатын орын іздеп жүрміз. Бағасы қанша?

Әрең тілге келді.

Бір бөлме 8 мың, 2 бөлме 13 мың теңге.

– …сонда бір тәуліктің бағасы ғой?

Бұл жолы тіпті ұзақ күттік.

Иә да…Айтып отырмын ғой, – деді бір кезде.

Хм…Жарайды. Балаларға арналған қауыздарыңыз бар ма?

Оған бөлек төлем жасайсыңдар.

Бағасын сұрауға батпадық… Қауыздарындағы судың ауыспағанына біраз болған. Көрініп тұр. Быжып кетіпті. Бұған бала түсірудің өзі қорқынышты. Бәрін қойшы адамға деген қарым-қатынасы ұнамады.

Қамыс күрке

Жағажайға бет алдық. Ойымыз қамыстан жасаған күркенің бірін жалға алу. Мұның да бағасы удай. Бір күндік құны 7 мың теңге.

Ақшамызды санап алған күтуші жігіт: «Қожайындар сұрап жатса 5 мың теңгеге жалдадық деп айта саларсыздар» деп бетімізге «күлімсірей» қарады. «Е, мақұл» дей салдық. Енді онымен дауласып, 7 мың теңгенің 2 мың теңгесін қайтару мүмкін емес еді.

Ол да жегісі келеді. Көрдіңіз бе? Жемқорлық санаға сіңген…

Аттың тезегі

Қапшағай бұрынғы ернеуінен 15-20 метрге шөгіпті. Суға түсіп, күркемізге келдік. Жұрт «шашлық» пісірудің қамына кіріскен. Алда-жалда шоғы қамыс күркеге тисе не болады? Бетін ары қылсын.

Күркені жалға берушілер көл жағасына екі-үш су сорғы орнатыпты. Күлдік. Шлангасы күркеге жетпейді екен. Айттық қой, Қапшағай 15-20 метрге шөгіп кеткен… Электр қуатымен жұмыс істейтін су сорғылардың қуат көзін қайдан алатынын түсіне алмадық. Қорықтық. Қорыққанымыздан көліктегі өрт сөндіргіш құтыны әкеліп қойдық.

Тазалық та мәз емес. Көз үйренген көріністер.

Әр жерде сыраның бөтелкесі мен темекі тұқылы шашылып жатыр. Құмға жатып қыздырынудан қорқасың.

Жағажайда жұртты атпен серуендетіп, ақша тауып жүрген үш-төрт салт атты шауып жүр. Әлгі аттардың тезектері әр жерде шашылып жатыр…

Айтпақшы, анау бұрышта дәретхана тұр. Қырық жылғы. Қашан қазылғаны белгісіз. Алыстан сезесің. Тегін емес. Тап жанында қыз отыр. Қолы қалтасында. Тиын сыңғырлайды. Кіріп-шыққаннан 50 теңгені қағып алады. Төлемесең, төбелескелі тұр.

Қапшағайдан көргеніміз осы. Бізді қойшы, көз үйренген. Қазақстанға келгісі келген туристер мұндайды көрсе не ойлар екен?

Аль ФРЕДО

5aae014f883d93cd8cd7e9a3b04150ab

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз