Терроризмнің толқыны. Салафиттер өз идеясы үшін неге баруға дайын?

172 просмотров

Ақтөбедегі қайғылы оқиға бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді. Mәселе 2011-2012 жылдарда сол Ақтөбедегі, Тараздағы және Алматыдағы бұдан кем түспейтін қайғылы оқиғалардың ұмытыла бастағанында емес. Жаман нәрсе тез ұмытылады, мемлекет те сол қасіреттерден тиісті сабақ алып, радикалды ағымдардың ізіне түсті, қатаң бақылауға алды. Нәтижесінде, олардың көпшілігі Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған еді.

Елдегі ахуал толық бақылауға алынғандай көрінген, ал Франциядағы, Бельгиядағы, Пәкістандағы және басқа елдердегі лаңкестік шабуылдардың жанында Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан бейбітшілік пен тыныштық мекені сияқты көрінген. Бірақ радикалдардың Ақтөбеде 5-маусымда жасаған соңғы шабуылы мұндай қасіреттің кімнің де болса басына түсетінін дәлелдеді.

Ақтөбедегі соққының алдыңғы оқиғалардан ерекшелігі — ол өте ауқымды болған. Шабуылға содырлардың үлкен тобы қатысқан,

бейнекамералардың біріндегі жазба аң аулайтын мылтықпен қаруланған 10-15 шақты адамды көрсетті

Олар Ұлттық ұланның әскери бөлімшесін басып алып, қару-жарақ алмақ болған. Бұрын радикалдар мұндай қадамға барған емес. Олардың әрекеттері әдетте билік өкілдеріне қарсы бағытталатын. Мысалы, Тараздағы содыр өлгенше полицейлерге оқ жаудырған. Ақтөбе облысында да шабуыл нысаны полицейлер болған. Алматы облысында содырлар өздерін Алматы маңындағы таулы аймақта көріп қойған туристерді өлтірген.

02ваававав

Бұл жолғы шабуылға көп адам қатысқан және олар ресми ақпарат бойынша, егер кезекші офицер мен қарауыл тойтарыс бермегенде, теориялық түрде әскери бөлімшені басып алушы еді. Сондықтан әскерилер арасында оққа ұшқандар мен жарақат алғандар көп болып отыр. Олар өз борышын орындады.

Дегенмен ең басты сұрақ — содырлар неге сенді? Олардың басты мақсаты — мемлекет пен қоғамда сілкініс тудыру болған сыңайлы. Егер лаңкестер әскери бөлімшені басып алып, қолға түсірген қарумен сол жерге бекініп алғанда, іс насырға шауып, олардың көзін жою әлдеқайда қиын болар еді.

Тегінде,

Ақтөбедегі бұл акция 2004 жылы Ресейдегі Назрань қаласындағы әскери бөлімше мен полиция бөлімшесіне жасалған шабуылды ішінара еске түсіреді

Ол кезде жергілікті ингуш және шешен содырлары полиция қызметкерлерінің киімін киіп, қалада автомашиналарды тоқтатқан және олардың ішінде болған күштік құрылымдар өкілдерін атып тастап отырған. Олар қаланы басып алуға талпынбаған, олар күштік құрылымдар қызметкерлерінің мемлекет өкілі ретіндегі рухын сындырмақ болған. Кейіннен бұл акция арнайы қызметтердің исламның Солтүстік Кавказға тән емес уахабиттік (салафиттік) бағытындағы өкілдеріне көрсетілген қысымына жауап болғаны туралы айтылды. Содырлардың Дағыстандағы шабуылдарының басым бөлігі осындай сипатта болған.

Шешен соғыстарының сабақтары

Атап айтарлығы, ресейлік Солтүстік Кавказда 1990 жылдардың басынан бастап, исламның сопылық бағытын ұстанған жергілікті діндарлардың серкелері мен уахабизмді (салафизмді) ұстанғандар арасындағы бітіспес қақтығыс жалғасып келеді. Шынын айтсақ, бұл нағыз соғыс. Мәселен, Шешенстан муфтиі Ахмат Қадыровтың және дала командирлері — ағайынды Ямадаевтардың екінші шешен соғысында Ресей жағына шығуы себебтерінің бірі — сол кездегі Шешенстан басшылығының уахабистерге көбірек қолдау көрсетуіне байланысты болды. Мұндай тұғырды вице-президент Яндарбиев пен әйгілі дала командирі Басаев ұстанған деп саналады. Ал Қадыров Кавказдағы ықпалды сопы жамағатының көсемі болған. Сопылық дәстүр бойынша, ондай көшбасшыларды пір немесе мүршед (мұғалім) деп атаған. Мүрид – ол, тиісінше, шәкірт болған.

Дағыстанда сопылар мен уахабиттер арасындағы жіктелу көптеген елдімекендерде орын алған. Шешенстаннан Басаевтың содырлары баса-көктеп кіргеннен және екінші шешен соғысы аяқталғаннан кейін дағыстандық уахабиттер талқандалды. Жергілікті исламдық жамағатта әлі күнге дейін сопылар басымдыққа ие. Уахабистер оларға қарсы астыртын соғыс жүргізіп келеді. Мәселен, 2012 жылы уахабиттік мағынадағы исламға жаңадан тартылған жанкешті-содыр Алла Сапрыкина (Әминат Құрбанова) Дағыстандағы ең ықпалды діни серкелердің бірі Чиркейлік Саидтың қабылдауында өзін-өзі жарып жіберген. Ал ол Солтүстік Кавказдағы, Орта Азиядағы және Ауғаныстандағы беделді накшбандий жамағатының пірі болған еді.

Сопылар да радикалдар болады, кейде олар да қасиетті соғыс жүргізеді. Мәселен, өзінің мүридтерімен бірге Ресей империясының экспансиясына қарсы соғыс жүргізген Шәміл имамды айтуға болады. Ауғандық «Талибан» қозғалысы да сопылармен тығыз байланыста болған.

Одан арғы тарихта, мәселен, Солтүстік Африкада завия деп аталатын сопылық дәстүрге және ұйымдастырушылық құрылымдарға арқа сүйеген Альмохадтар мен и Альморавидтер діни экстремизм тұрғысынан алғанда өздерінің қызметінің алғашқы кезеңінде өздері туралы қамықтыратын естелік қалдырған.

Уахабиттер деген кім?

Сопылар мен салафиттер (уаххабиттер) арасындағы идеологиялық айырмашылықты атап өткен жөн. Сопылар бір жағынан, діни тәжірибеде мистикалық тәжірибеге арқа сүйейді. Олар сенімді тануға жақындауда дербестікті қалайды. Бұл жолды сопы өзінің мұғалімі (мүршедімен) бірге жүріп өтуі керек. Осыдан сопылық тәжірибе — дауысты және бәсең зікір бастау алған. Дауысты зікір ретінде Солтүстік Кавказдағы таулықтардың айналып орындайтын ұжымдық биін айтуға болады. Басқа жағынан, олардың ұйымдастырушылық құрылымы шәкірттің (мүридтің) өз мұғаліміне (мүршедіне) адал болуға негізделген.

Бұдан бөлек, сопылық тәжірибе исламды тарату барысында кездескен жергілікті дәстүрлерге қатысты өте икемді болған. Олар көп ретте ол дәстүрлерді исламның дінитанымына лайықтап отырған. Бұған әулиелерге табынушылық тән. Сопылардың өз мүршедтері мен пірлерін құрметтеуіне, сондай-ақ мистикалық тәжірибелерге байланысты оларға осындай құрметті адамдар бақилық болғаннан кейін де дәстүрдің бір бөлігі ретінде қалуы қисынды дүние болатын. Сондықтан яссауи жамағатының пірі болған Қожа Ахмет Яссауи мавзолейі сияқты Қазақстанда, Солтүстік Кавказда, Ауғанстанда және Пәкістанда басқа әулиелердің мазарлары кеңінен тараған.

Салафиттер сопылардың тәжірибесін — сандырақ, дінбұзарлық деп санайды. Біріншіден, әулиелердің моласына табыну — олардың көзқарасы бойынша — көп құдайға табынушылық, күнә (арабша шірк). Ал ислам қатаң тұрғыдағы монотеистикалық дін. Екіншіден, салафиттердің (арабтың салафийінен – ата-баба, алдыңғылар) тұрғысынан ислам бүкіл әлемге таралған жүз жылдықтарда оған енгізілгеннің барлығы тыйым салынған жаңалықтар (арабша бидат) деп аталады. Тиісінше, Құран мен сүннеттің аясынан шыққанның барлығы «таза исламға» сәйкес келмейді деп танылады.

Қазақстандық ислам уахабиттердің ашу-ызасын тудырады

Салафиттік тәжірибелер ислам әлеміне кеңінен таралып жатыр. Бұған, бір жағынан, уахабизмнің араб әлеміндегі неғұрлым дәулетті және белсенді елдері — Сауд Арабиясы мен Катардың идеологиясы әсер етуде. Екінші жағынан, бұл идеялар түрлі елдердегі «мұсылман көшелеріндегі» сан қилы жағдайлардағы наразылықтардан, оның ішінде, Батыстың ықпалы мен басымдылығынан қолдау көріп отыр. Бұдан бөлек, «мұсылман көшелері», әсіресе, қалаларда өздерінің саяси элитасына деген наразылыққа толы. Міне, осыдан белгілі дін маманы Кутб айтқандай, «заманауи мұсылман елдері джахилийи (арабша надандық) жағдайында» деген идея туындайды. Арабтар мұндай жағдайда ислам пайда болғанға дейін ғұмыр кешкен. Егер мемлекет «таза ислам» жақтастарының талаптарына сәйкес келмесе, онда оны өзгерту керек.

Бұл жердегі қарама-қайшылық келесіде, «таза исламға» оралудың алғашқы жақтастары өздерінің көзқарасы бойынша прогресске кедергі келтіретін консервативтік діни қызметкерлердің (үлемдердің) басымдыққа ие болуына қарсы шыққан. Олар Батыстан артта қалушылықты жою үшін әу бастағы құндылықтарға оралуға шақырған.

Қазіргі таңда «таза исламға» үндеу орта ғасырдағы тәжірибелерге оралу ретінде қабылданады. Солай десек те, көпшілік, әсіресе, неофиттер үшін, ислам дәстүрлерін қатаң сақтау, бізге үйреншікті халықтық исламға қарағанда неғұрлым негізді және сәйкес екендігі маңызды. Салафиттер әдетте оны еcкірген деп атайды және мұсылмандарды дұрыс жолға салуды өздерінің міндеті санайды.

Мемлекеттің жаулары

Салафизм ықпалы әсіресе, тұрақты дәстүрлі дін институттары және тиісінше, дәстүрі жоқ жерде күшті болады.

Қазақстан мұсылман халқы бар басқа көптеген мемлекеттер сияқты, КСРО күйрегеннен кейін күрделі жағдайда қалды.

Олар 70 жылдан астам ислам әлемінен жырақта болды. Тиісінше, ол жаңа нұсқа жасауға мүмкіндік беретін «таза тақта» іспетті. Оны дәстүрлі ислам институтарының ықпалы күшті жерде жүзеге асыру неғұрлым жеңіл.

Мәселен, Пәкістан мен Үндістанда ислам институтының атымен аталатын Деобанд деген өте радикалды қозғалыс бар. Ауғандық талибтер де соған қарайтын. Исламабадтың өз исламистерімен текетіресі басталғаннан кейін Деобанд екіге бөлінді. Олардың бірі мемлекетке қарсы шықса, басқалары бұған үзілді-кесілді қарсы болды. Деобанд радикалдары өздерінің әлдеқайда ұстамды әріптестерін жара бастады.

Ақтөбедегі соңғы шабуыл радикалды салафиттердің, егер шынымен солар болса, өздерінің идеялары үшін төтенше шараларға баратынын көрсетті.

Олар мемлекетті өзінің басты жауы ретінде көреді. Осы орайда, мұндай күрделі кезде мемлекетке не істеу керек, деген сұрақ туындайды.

Қазақстандағы терроризм қауіпімен енді не істеу керек?

Көптен бері ешқандай ауқымды акциялар жүргізілмеген, ара-тұра бірді-екілі бас көтеру болатын Шешенстандағы мысалдар бар. Сондай-ақ Өзбекстан мен Түркіменстандағы бірқатар мысалдар бар, бірақ ел қоғамындағы ахуалды полиция қатаң бақылауға алғандықтан ол жақта мұндай оқиғаның орын алуы неғайбыл. Бірақ мұндай қатал шаралар елдің дамуына кесірін тигізуі мүмкін.

Лаңкестердің қатаң шабуылына ұрынған Еуропаның тәжірибесіне жүгінген қисынды. Ол мұндай әрекеттерге жауап ретінде үйреншікті тұрмысты бұзбай, арнайы қызметтердің тиімділігін арттыруды қолға алған. Бұл өте орынды әрекет. Лаңкестік шабуылдарға мүлдем жол бермеу мүмкін емес. Тиісінше, арнайы қызметтердің жұмысындағы әдістердің көмегімен олардың алдын алуға және лаңкестік әрекеттер келтіретін шығындарды неғұрлым төмендетуге бағытталған шараларды жүзеге асыру керек. Сондай-ақ әскерилер мен полицияның орын алған оқиғаларға жедел әсер етуін қамтамасыз еткен жөн. Көпшілікті құлақтандыру ісін де ретке келтіріп, бір ізге түсірген абзал.

Лаңкестердің Ақтөбедегі шабуылынан кейін көптеген пікірлер айтылды. Бұған қазір Интернет үлкен мүмкіндіктер береді. Біреулер басты себеп — Ақтөбедегі жұмыссыздық пен кедейшілік десе, басқалар — елімізде ресми оппозиция болмағандықтан наразылықтарды реттейтін тетік жоқ, дейді.

Әлбетте, кедейшілік әлеуметтік теңсіздік сияқты үлкен мәселе. Бірақ

бұл жағдайда біздің идеяға берілген адамдармен бетпе-бет келуіміз неғұрлым қауіпті болып тұр. Олардың нанымында идеологиялық сипат басым

Сондықтан саяси оппозицияның болуы наразылықтарды өркениет шеңберінде ұстауға мүмкіндік береді деген ұғым өрескел қателік. Қазақстандағы саяси оппозицияның басым бөлігі зайырлы және либералды ұстанымдағы саясаткерлер. Оларда діни-радикалдық топтардың мүдделерін қорғайтын мүмкіндік жоқ. Жалпы, діни радикалдарды саясатқа жіберу, не жібермеу мәселесі өте қауіпті, әрі күрделі дүние. Көптеген мұсылман елдерінде бұл қиын мәселені түрлі нәтижелермен шешуге тырысуда.

Ал біз Қазақстанда бұл мәселені қалай шешпекпіз? Қазір елімізде дінге сенетін адамдар бұрынғыдан әлдеқайда көп, бірақ дінге сенбейтін адамдар бәрібір басымдыққа ие. Осындай жағдайда «халықтық ислам» дегенді қайтеміз? Оны араб әлемінде білім алғандардың ескірген деп санағанына қарамастан, қазақтардың басым көпшілігі ұстанады. Енді мемлекет барлық салафиттерді жау санау керек пе, немесе олардың біршама ұстамды бөлігімен келісімге келу керек пе? Жалпы, «ұстамды салафизм» деген бар ма?

Ақтөбедегі оқиға қалыптасқан жағдайды ой елегінен өткізіп, оның ішкі қисынын түсінуге және болашаққа көз тастауға себеп болды. Қалай болса да, ескерту алған адам қауіп-қатерге сақадай сай болады. Біз көптеген жылдар бойы барлық жамандық бізді айналып өтеді деп ойладық. Бірақ бізде әлемнің ажырамас бөлігіміз, сондықтан онда болып жатқан үрдістер тиісінше, бізге де қатысты. Сондықтан бекер байбалам салмай, орын алған оқиғадан сабақ алу керек. Бұл сабақты бірінші кезекте мемлекеттің алғаны жөн..

Әлемдік экономика және саясат институты

Загрузка...