Түркияның Элязыг қаласындағы полиция бөлімшесінің маңында бейсенбі күні таңертең жарылғышқа толтырылған автокөліктің жарылуы салдарынан үш адам қаза тапты және кем дегенде елу адам жараланды, деп хабарлады Reuters.
Бұдан бірнеше сағат бұрын дәл осыған ұқсас жарылыс түркиялық Ван провинциясындағы полицияның штаб-кеңсесінде тіркеліп, шабуыл салдарынан үш адам қайтыс болды, жетпіске жуық адам жараланды, деп хабарлады Anadolou агенттігі.
Әзірге ешқандай террорлық ұйым бұл шабуылдардың жауапкершілігін мойнына алған жоқ.
Дүйсенбі күні Түркияның оңтүстігіндегі Дьярбакыр қаласындағы полиция бөлімшесіне жасалған шабуылдан сегіз адам қаза тауып, ондаған адам жараланды. Өткен жылдың шілдесінен бері бұл провинцияда күрд қарулы топтарының жергілікті қауіпсіздік күштерімен қақтысы жиілеп кетті.