Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымының екі өтініші де қанағаттандырылмаған

31 просмотров

2009 жылғы Қазақстан халқының санағына бөлінген 700 млн теңгені жымқырды деп 7 жылға сотталған ҚР Статистика агенттігінің бұрынғы төрағасы Анар Мешімбаева сотқа өзін шартты түрде ерте босату туралы екі рет өтініш жолдаған. Алайда оның қос өтініші де қанағаттандырылмаған.

Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігінің ресми сауалына Алматы облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшысының орынбасары, әділет полковнигі Балабек Жүнісовтің берген жауабында айтылады.

Астана қалалық Есіл ауданының соты Анар Мешімбаеваны жеті жылға қамау туралы үкім шығарған. 2014 жылдан бері Анар Мешімбаева түзету колониясында өзін тек жақсы қырынан көрсетіп, тіпті, төрт рет марапатталған екен.

— Мекеме әкімшілігі Мешімбаеваның атынан 2016 жылдың 13 мамыры мен 29 мамырында сотқа шартты түрде ерте босату туралы материал жіберді. Бірақ, Алматы облысы Іле ауданының соты шартты түрде ерте босату туралы өтінішті қанағаттандырған жоқ,-делінген «ҚазАқпаратқа» жіберілген жауапта.

Ресми жауаптан білгеніміз, Анар Мешімбаева Алматы облысындағы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЛА-155/4 мекемесіне 2014 жылдың 24 мамырында жеткізілген екен. ҚР Қылмыстық атқару кодексінің 116-бабына сәйкес, мекеменің комиссиясы 2014 жылдың 2 желтоқсанынан бері Мешімбаеваға қатысты қамау шартын жеңілдеткен.

2016 жылдың сәуірінен бері ол колонияның тәрбие отрядына старшина болып жүр екен.

«Ол мекеменің ауласын абаттандыру жұмысына, отрядтың мәдени-тұрмыстық жағдайын жақсарту жұмыстарына өз еркімен қатысады. Әртүрлі қоғамдық жұмыстарды да атқарады. Мәдени шараларды ұйымдастыруға ат салысады. Колониядағы тәртіп пен жазасын өтеп жатқан қазіргі жағдайға шағым айтпайды. Колонияның ішкі тәртіптерін сақтайды», делінген арнайы хатта.

Анар Мешімбаева Алматы облысы Жауғашты кентінде орналасқан ЛА-155/4 қамау мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

Загрузка...