Қара халық Қазақстанда жемқорлар пен парақорлар әсіресе көп дейді. Сондай парақордың бірі күні кеше Қарағандыда ұсталды. Параны депоның директорына дейін алады. Бір қарапайым кісіні машинист қызметіне жұмысқа алу үшін одан 700 мың теңге сұрапты.
Облыстық соттың хабарлауынша, машинист болғысы келген кісіден ақша алғаннан кейін кабинетке коррупция қарсы күрес қызметінің жігіттері сау ете қалған, бір пәлені сезген директор дәретханаға тұра жүгіріп, алған парасын жалма-жан унитазға ағызып жіберіпті.
Ақшаны алу үшін жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің өкілдеріне унитазды бұзуға тура келген.
Пара беруге мәжбүр болған бейбақ Жаңарқа ауданындағы Атасу ауылының жұмыссыз жүрген тұрғыны екен. Жұмыс сұрап депоға келгенде кәсіпорынның 44 жастағы директоры одан 700 мың теңге талап еткен.