«Сібір жарасын» жұқтырған мал еті сатылып жатыр деген ақпарат негізсіз — Алматының бас мал дәрігері

81 просмотров

Әлеуметтік желілер және мессенджерлер арқылы тараған — Алматы қаласы базараларында «сібір жарасын» жұқтырған малдың еті сатылып жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Алматы қаласы ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасы мәлімдейді.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, Алматыға келіп түскен барлық ет қатаң түрде ветеринарлық-санитарлық бақылаудан өтеді.

Алматы қаласының бас мал дәрігері Бауыржан Абызбаев Алматы территориясында бүгіндері 24 азық-түлік базары барын, оның барлығында ветеринарлық-санитарлық сараптама жүргізетін зертхана орналасқанын айтады.

— Басқарманың мемлекеттік бас дәрігерлері күн сайын қаладағы ет өңдеуші кәсіпорындар мен сауда нүктелерін қадағалап отырады. Күнде базар немесе дүкен сөресіне келіп түскен өнімді тексеретін 35 мемлекеттік мал дәрігер бар.

Қадағалауды қатайту мақсатында соңғы кездегі елімізде тіркелген «сібір жарасына» сәйкес, олар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Яғни, алматылық мал дәрігерлер таңғы 4-тен бастап жұмыс істейді, — дейді Бауыржан Абызбаев.

Ол Алматы қаласына мал еті, негізінен, Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан келетінін баса айтты. Орташа есеппен бір апта бойында қаланың базарларына ветеринарлық құжаттары бар 240 тоннадан астам мал еті келіп түседі екен.

Алматы территориясында 2944 ірі қара мал, 1759 бас ұсақ мал, 569 жылқы, 22 түйе және 177 шошқа тіркелген. Оның барлығына мамыр айында «сібір жарасына» қарсы екпе салынған.

— Бүгінгі таңда «сібір жарасы» шыққан өңірлерден ет өнімдері келіп түскен жоқ, — дейді Алматының бас дәрігері.

Сол секілді Алматының денсаулық сақтау басқармасындағылар да «сібір жарасын» жұқтырған адамдар ауруханаға келіп түспегенін айтады.

Загрузка...