Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
0
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Сібір жарасы дертіне қатысты Қарағанды облысында бірнеше шенді жұмысынан айырылды

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

«Үшарал ауылының екі тұрғыны қауіпті дерт жұқтырғаны туралы ақпарат келіп түскен соң халықты қорғау және инфекцияны ауыздықтауға қатысты барлық шаралар қолға алынды. Талдаулардың соңғы нәтижесі алынбастан-ақ төтенше жағдайлар режимінде шаралар атқарылып, бекеттер қойылды, мал мен мал өнімдерінің сыртқа шығып кетпеуі қатаң қадағаланды. Ауданымызда штаб құрылып, оған барлық мүдделі мемлекеттік органдар өкілдері кіргізіліп отыр. Менің тапсырмам бойынша осындай штаб облыстық деңгейде де құрылды», – деді облыс басшысы.

Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметтеріне қарағанда, бүгінгі күні бір науқастан диагноз нақтыланып, тағы екі адам облыстық, 1 науқас Балқаш қаласындағы инфекциялық ауруханада дәрігерлер бақылауында жатыр. Олардың барлығы тиісті ем қабылдау үстінде, жағдайлары жақсы, оң серпін байқалады.

Сонымен қатар, ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінде босаңсуға жол беріп, эпизоотикалық жағдайды тиісті бақыламағаны үшін осы салаға басшылық ететін аудан әкімінің орынбасары қызметінен босатылды. Бұдан бөлек, өзінің қызметтік міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін аудандық ветеренария бөлімінің басшысына сөгіс беріліп, Жидебай ауылдық округының әкімі мен аудандық ветстанция директоры да жұмыстан босатылған.

Сібір жарасы ауруының шығуына орай, Жидебай ауылдық округы Үшарал қыстағында орналасқан «Жеңіс» шаруа қожалығының аумағына карантин енгізілген.

Облыстық әкімдіктің хабарлауынша, медицина қызметкерлерінің күшімен 412 түтіндегі 1006 адам тексеріліп, жақын маңдағы елді мекендердің барлығына жадынама-парақшалар таратылған.

«Науқастармен байланыста болып, араласқан адамдардың барлығымен профилактикалық антибиотикотерапия жүргізілуде. Олардан қандай да шағымдар мен күмәнді әсерлер байқалмайды. Аудандық ветеринария станциясының қызметкерлері Үшарал қыстағындағы малдардың телеметриясын жалғастыру үстінде. Жұқтыру ошағы маңындағы жұмыстарға 40 адам мен 16 бірлік техника жұмылдырылған», – делінген облыстық әкімдік таратқан баспасөз баянында.

Айта кетерлігі, ветеринария қызметі, ветеринарлық инспекция, тұтынушылар құқығын қорғау департаменті, жергілікті полиция өкілдері қатысқан жиында атқарылған шаралар туралы ақпарат беріліп, халықтың сұрақтарына толық жауаптар берілді.

Еске сала кетейік, бұған дейін маусым айының аяғына таман Қарағанды облысы Шет ауданы Еркіндік ауылында сібір жарасы орын алып, ауылда карантин жарияланған болатын. Ауру жұқтырды деген күдікпен 11 адам ауруханаға жатқызылып, олардың екеуі қаза тапқан еді. Кейіннен осы оқиға бойынша Қарағанды облысы Шет ауданының басшысы жұмысынан босатылды және Қарағанды облыстық ветеринарлық бақылау комитеті инспекциясының жетекшісіне сөгіс берілген еді.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз