Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Шымкенттің қала күнін қазақтар дүркіретіп өткізді

181

Мерекенің жоғары деңгейде ұйымдастырылуын салтанатты шара орнына қала халқы мен қонақтарының автобустармен тегін тасымалдануынан-ақ көруге болады деп хабарлады “Отырар” телеарнасы.

Көкпар финалына Шымкент қаласы мен Сайрам ауданының шабармандары шығып, шешуші сынның екі кезеңінде де шымкенттік қарсыластарын тықсырып, жеңімпаз атанды. Ал ІІІ-орынға астаналық шабандоздар табан тіреді.

Одан кейін 19 шақырымға созылған аламан бәйгеде мәре сызығын жамбылдық «Нұртөбел» атты сәйгүлік бірінші кесті. 13 жасар Бақкелді Ахатқа қала əкімі Ғабидолла Əбдірахымов «Нива» автокөлігінің кілтін табыс етті.

«Бұл бəйгеде «Нұртөбелім» алдына қара салмады. Біз Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылынан келіп, қатысып тұрмыз. Екі жылдан бергі серігімнің бүгін жолда қалдырмағанына қатты қуанып тұрмын», – дейді Бақкелді.

Екінші болып «Спартак», үшінші болып «Дауыл» атты сәйгүліктер келіп, көпшілікті тәнті етті.

Бұдан бөлек, қошқар көтеру сайысы да көңілді көтерді. Білектің күші мен ептілікті қажет ететін сайыста аударыспақтан Азия чемпионы Біржан Қосалиев топ жарды.

Сондай-ақ, атшабарда жамбы ату, қыз қуу, конкур, желдіртіп шабу сайыстары да тартысты өтіп, жеңімпаздарға шаһар басшысы қаржылай сыйлық табыс етті.

«Шымкент – Ұлы Жібек Жолы бойындағы сан ғасырлық тарихы бар, тамылжыған табиғаты әсемдігімен үйлесім тапқан, дамудың жаңа жолында келе жатқан қала. Жыл сайын атап өтетін сүйікті қаламыздың төл мерекесі барша шымкенттіктерге тың серпіліс беретініне сенімім мол. Баршаңызды Қала күні мерекесімен құттықтай отырып, сіздерге қаламыздың гүлденуі жолындағы еңбектеріңіз үшін алғысымызды білдіремін.

Біздің қаламызда өркендеп дамуға үлкен мүмкіндіктер бар, оны тек ортақ күш-жігермен жүзеге асыруға болады. Сүйікті қаламыз жасап, жайнай берсін! Өңірлерден, облысымыздың аудан-қалаларынан келіп, қатысқан барша спортшыларға сəттілік тілеймін», – дейді қала əкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

Мереке кешкілік концертке ұласты. Оған қазақ эстрадасының барлық дерлік өнер жұлдыздары қатысты.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз