Шымкентте жол полициясы қызметкерінің өзі жол ережесін өрсекел бұзып, жазаға тартылды

315 просмотров

Оның көлігі өзі талай елдің „темір тұлпарын„ жөнелткен айыптұраққа қойылды.

Шымкентте жол полиция қызметкері бір мезгілде 4 жол ережесін бұзып, көзге түскен. Жергілікті полиция қызметінің кезекшілері қолына түскенде де ол заңбұзушылық әрекетін жалғастырып, оны „өзінше„ жайғастыруға тырысқан деп хабарлады Otyrar.kz.

Жергілікті полиция қызметі қызметкерлерінің кезекті рейді кезінде бірнеше жол ережесін бұзған, нөмірі жоқ, бүкіл әйнегі қараланған ақ «Priora» көлігі көзге түседі. Бірден ізіне түсіп, оны тоқтатқанда, көлік тізгініндегі адам қауіпсіздік белдігін де тақпаған, сонымен қатар көліктің құжаты да болмай шыққан. Кейін белгілі болғандай, бұл жол полициясының қызметкері екен. Ол жол ережесін бұзу себебін өз қызметінің жағдайымен ақтауға тырысқан.

„Қарғаның көзін қарға шұқымайды„ дегенге қанша келтіргісі келгенмен, оның мұнысынан түк шықпаған. Өйткені ол кездегі кезекшілік топқа жергілікті полиция қызметінің бастығы Данияр Мейірханның өзі басшылық етіпті.

„Бізде заң алдында бәрі бірдей. Егер полиция қызметкері болсаң, онда сұрау екі есе болады. Полиция киіміндегі адамның заң бұзуы деген барып тұрған бассыздық, оған мүлде жол берілмеуі тиіс. Міне, сондықтан да жол ережесін бұзған жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды„ — деді Данияр Мейірхан.

Оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 42 420 мың теңге айыппұл салынды. Ал оның көлігі айыппұл тұрағына қойылды.

Загрузка...