Шымкенттегі Ынтымақ шағынауданында жаңа мектеп бой көтерді. Осыған дейін тар бөлмелерді қанағат тұтып, үш ауысымда оқыған оқушылар енді су жаңа ғимаратта білім алмақ.
Үш қабатты мектеп қыркүйек айында 1300 шәкіртке құшағын жаймақ. Бой көтерген жаңа нысан 900 оқушыға арналған деп хабарлады Оtyrar.kz.
Ұлған Мәмешова, №54 мектеп директоры:
– Жаңа ғимаратқа оқушыларды қабылдауға дайынбыз. Балалардың қуынышында шек жоқ. Мектеп жобасы сызылғаннан бастап басы-қасында болдым. Құрылыстың сапасы өте жоғары деңгейде болды. Мектебіміз көңілімізден шықты, әдемі. Барлық қажетті жабдықтармен жасақталған.
Былтыр басталған мектеп құрылысына облыстық бюджеттен 840 млн теңге бөлінген. Бүгінде жаңа ғимарат толықтай пайдалануға дайын. Жылу мәселесі де оқу жылының басына дейін шешімін табады.
Ерғали Кұлажанов, учаске басшысы:
– Қазір жылу құбырларын орнатып, тексеруден өткіздік. Барлығы дайын, тек газды жалғасақ болды. 1 қыркүйекке дейін жылу жүйесі іске қосылады.
Сонымен қатар жаңа білім ошағында 56 бейнебақылау құралы орнатылған. Бұл жоба оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатына іске асып отыр. Бақылау пультін мектеп күзеті қадағалайтын болады.