Шымкентте түрме қызметкері 3 жасар бүлдіршінді педофилден қорғап қалды

125 просмотров

Шымкентте абақты қызметкері 3 жасар қызды зорлықтан құтқарып қалды. Аға сержанттың ерлігі жайлы әріптестері айтпағанда бұл туралы ешкім де білмей қалар ма еді, қалай?..

Бұл туралы „Отырар„ телеарнасы хабарлады.

Шымкенттегі 167/4 түзету мекемесінің бақылаушы қызметкері Елдос Жанзақов сол күні үйінде еді. Пәтерінің терезесінен сыртқа қарағанда 3 жасар қызға тиісіп жатқан адамды көреді. Бұл оқиға тамыз айының басында Күншығыс шағынауданында болды дейді аға сержант.

29 жастағы жігіт дереу көмекке ұмтылады. Ол қызды арашалап алғанда күдікті қашып кетеді. Бірақ, алысқа ұзай алған жоқ — 60 жастағы кісіні Елдос көп ұзамай ұстап алды. Сөйтіп, полицейлерге хабар береді. Тергеушілер күдіктінің үстінен ҚР Қылмыстық кодекстің 124-бабының 1-бөлігіне сай іс қозғады.

Сол күні жұмысына барған Елдос бұл туралы ешкімге айтпайды. Тек, арада бір айдай уақыт өткен соң ғана әріптестері аға сержанттың ерлігі жайлы полиция қызметкерлерінен бірақ білген. Елдос Жанзақовқа көрсеткен ерлігі үшін грамота табысталды. Сондай-ақ, Шымкент қалалық әділет басқармасы Елдосқа тәуелсіздіктің 25 жылдығы медалін беруді ұсынып, хат жазды.

Айдар Нұрсейітов, 167/4 еңбекпен түзеу мекемесінің бастығы, подполковник:

— Елдос — өте қарапайым жігіт. Бізде 2008 жылдан бері жұмыс істейді. Түзеу мекемесінің айналасын күзетеді. Жолдастары оны тек жақсы жағынан сипаттайды. Бұл туралы өзі айтпады, тек полициядан білдік.

Ал Елдостың өзі бұл әрекетін ерлік деп санамайтынын айтады. Тек қарапайым азаматтық борышымды өтедім дейді.

— Ол қыз жас бала ғой, қалайша мен қарап тұрамын? Өзімнің екі қызым бар. Қазір бүлдіршіннің тағдыры бүлінбегеніне қатты қуанамын…

Загрузка...