Шымкентте шенеуніктердің кесірінен 15 отбасы далада қалғалы тұр

40 просмотров

Шымкентте шенеуніктердің кесірінен 15 отбасы баспанасыз қалғалы тұр.

Бұл туралы КТК хабарлайды.

Екі жыл бұрын Сайрам ауданының бірқатар аумағы қалаға қосылған соң мұндағы жұрттың құжаттарын Шымкент әкімдігі жарамсыз қылып тастапты. Салдарынан, тұрғындардың жылдап тұрып жатқан үйлері заңсыз деп танылып, өтемақыдан да қағылған.

Бір қызығы, олармен көрші тұрған лауазымды шенеуніктер құжаттарын рәсімдеп, өтемақысын алып үлгерген екен. Шындық іздеп шаршаған жұрт бүгін қала әкімдігінің алдына жиналып шу шығарды.

Қала әкімдігінің алдына жиналған мына жұрттың басшыларға өкпесі қара қазандай. 5-6 жыл бұрын жер алып, үй салған оларға енді ғана баспана заңсыз тұрғызылған деген қағаз келіпті. Ол кезде Сайрам ауданына қараған аумақ, қала ішіне кіргенде, бас жоспарға сай келмей қалса керек.

Тұрсынхан Нұрымбетов, Шымкент қаласының тұрғыны;

Ол кезде мен Юстицияға апарып тіркедім. Госактімді земельный комитеттен барып компьютерден полный схемасын көрдім. Ол карта да, система да бәрі тұр. Заңды тұр.

Ашуға мінген тұрғындар әкімдікке келіп, қала басшысының өзі шықпайынша кетпейміз деп тұрып алды. Алайда тығыз шаруасынан босай алмады ма, әйтеуір, әкім орынбасарларын жіберіпті. Онысымен жұрттың әңгімесі жарасқан жоқ. Үйлері аяқасты заңсыз боп шыққан тұрғындардың ашуын туғызған тағы бір жайт – лауазымды көршілеріне өтемақының ың-шыңсыз үлестірілуі.

Тұрсынхан Нұрымбетов, Шымкент қалысының тұрғыны;

-Көрші үйде сот орындаушы тұрады. Есімі Талғат деген жігіт, фамилиясын білмеймін. Сол жігіт компенсация алды. Оның жері заңды екен. Ал, мына қырда мына бас жағында прокурор тұрады. Ол прокурордікі де заңды. Ол да учаскесіне компенсация алып көшіп жатыр. Ал біздікі жарамсыз боп шықты. Сонымен тұрмыз.

Қалаға енді қосылып, дауға себеп болған үйлер осы. Мұндағылар енді өтемақысыз, үйсіз далада қаламыз ба деп қорқып отыр.

Бақытбек Меңдібаев, Шымкент қаласының тұрғыны;

-Қазір мына кенжеммен бірге тұрамыз. Келіншегі, екі кішкентай бар. Сосын мына екеуіміз 6 адам осы жақта. –Шығарып жіберсе баратын жеріңіз бар ма? – Айтып тұрмын ғой, барымызды салып соққан үйіміз. Баратын жер жоқ.

Әкімдер де халықтың мүлдем кінәсі жоқ екенін түсінеміз дейді. Құжат жағынан барынша көмектесеміз деген олар тұрғындар кезекті рет сотқа жүгінсін деп кеңес берді.

Тұрғындардың әкімдікке келіп шу көтеруі сол екен, шенеуніктер бірден іске кіріскен сыңайлы. Тіпті неше айдан бері көзге ілмей жүрген прокурорлар мен әкімдік өкілдері құжат жинастырып, аз уақыт ішінде үй мен жерді рәсімдеп беруге уәде беріп те жатыр. Тек 15 отбасы шенеуніктер сөзінде тұрмаса қала ішіндегі жолдарды жауып, тіпті ашаршылық жариялаймыз деп бекініп отыр.

Загрузка...