Шымкентте мекеменің жалақы қорын алып, із-түссіз жоғалып кеткен азамат Ресейден бір-ақ шыққан

92 просмотров

Оңтүстік Қазақстан облысында мекеменің жалақы қорын алып, із-түссіз кеткен 33-жастағы Александр Кривошапкин отбасымен байланысқа шықты.

Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

2016 жылдың 21 шілде күні Шымкент қалалық ішкі істер басқармасына Абай полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын ағымдағы жылдың 20 шілде күні 15 сағат 15 минут шамасында күйеуі — Кривошапкин Александр Александровичтің жұмыстан шыққанымен, үйіне келмегені туралы арызданған.

Бұл жайтқа қатысты облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада: „ Жедел жұмыстар жүргізу және сұрастыру барысында Александр Кривошапкин бұрғылаумен айналысатын фирмалардың бірінде жұмыс істейтіні, сол күні мемлекеттік белгісі 357 АС 13 «УАЗ 390945360» автокөлігімен облыстың Бадам елді-мекені бағытына шығып кетіп, жұмыс орнына жетпегені анықталды. Александр Кривошапкин өзімен бірге қол сөмкесінде «Самсунг» маркалы ұялы телефоны, құжаттары және, шамамен, 800 000 теңгеге жуық жұмысшылардың еңбекақысы болған„ делінген еді.

Қазіргі таңда, хабарсыз кеткен  Александр Кривошапкин өзінің отбасына Шымкент қаласында тұратын танысы арқылы байланысқа шыққан. Ол өзін іздеп жатқаны туралы ақпаратты БАҚ беттерінен біліп, Ресей Федерациясынан хабарласқан. Сондай-ақ ол өзінің дені сау екенін хабарлап, полициядан өзін іздеу туралы арызды алуды өтінген.

Дегенмен, ОҚО ІІД Криминалдық полиция қызметінің өкілдері Александр Кривошапкиннің қай жерде екені анықталмайынша немесе полицияға өзі келмейінше іздеу жұмыстарын жалғастыратын болады деп мәлімдеді.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер хабарсыз кеткен азаматтың автокөлігін Шымкент қаласының Айбергенов көшесінде орналасқан үйлердің бірінің ауласынан тапты.

Қазіргі таңда полицейлер оқиғаның орын алу барысы мен себептерін анықтауда. Тексеру жұмыстары жалғасуда.

Загрузка...