Шымкентте достары мен таныстары 33 жастағы Гүлнәр Баелованың дені сау екенін айтып психоневрологиялық диспансерден шығаруға тырысып жатыр.
Бұл туралы 31 арнаға сілтеме жасап Қамшы сайты хабарлайды.
Олар Гүлнәрдің енесінің кесірінен жындыханаға жабылғанын айтады. Енесі келінін эпилепсиямен ауырады деп емханаға жатқызған. Оның бұл әрекетіне келіні алатын зейнетақы себеп болса керек. Гүлнәрдің дене бойындағы көгерген іздерді көршісі байқап қалып сұрағанда, ол енесінің ұратынын айтқан. Кейіннен енесінің оның атына құжат дайындап, 6 жасар қызын өз қарауына жаздырып алғанын айтыпты.
Көршісі Наталья Гүлнәрді енесінің ұратынын, түнгі уақытта тұрғызып алып бауырсақ пісір не тамақ жаса деп дау шығаратынын айтады. Көршілері Гүлнәрдің еңбекқор екенін айтуда. 1 жарым ай бұрын келінін күштеп емханаға апарыпты. Гүлнәр балалар үйінде өскен соң оның қарайласатын басқа ешкімі жоқ.
«Туысқаны 10-ы күні алып кетем деген. Бірнеше рет хабарласып едім, телефоны өшіп тұр. Мен оның енесін тек бір рет қана көргем», – дейді облыстық диспансердің дәрігері Зульфия Қалиева. Ал енесі келінін алып кетпейтінін айтады.
«Ол түске дейін ұйықтайды. Эпилепсиямен ауырады, психологиялық тұрғыда дені сау емес. Ол мені ұрып, қызын тепкіледі. Сонда да мен ол ақымақты кешірген едім», – дейді енесі.