Шымкентте 1 140 отбасы баспаналы болады

30 просмотров

«Қазақстан ипотекалық компаниясы» жыл соңына дейін Оңтүстік Қазақстан облысында 65 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысын аяқтайды. Соның арқасында үй кезегінде тұрған 1 мың 140 отбасы баспаналы болады.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тұрғызылатын үйлерге көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі перзенті бар отбасылар мен жетім балалар, әскери қызметшілер мен атамекенге келген қандастарымыз қоныстанады. Бұл туралы 24kz хабарлайды.

Шымкенттегі «Тұлпар» мөлтекауданы маңында салынып жатқан 7 қабатты екі тұрғын үйде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Екі көпқабатты үйде 98 пәтер бар.

Әбжан Әкімов, Құрылыс компаниясының бас инженері:

— «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен былтыр өңірде 1500-ден астам отбасы пәтерлі болды. Жалға беру құны әр шаршы метр үшін 923 теңге. Құрылыс қарқыны биыл да бәсеңдеген жоқ. Шымкент қаласынан бөлек мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде Түркістан шаһарында да көпқабатты тұрғын үй халықтың игілігіне берілмек.

Болат Досмұхамедов, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ басқарма басшысының орынбасары:

— Тағы да Шымкент қаласында «Асар» мөлтекауданында 900 пәтер соғылып жатыр. Ол – 51 мың шаршы метр. Содан соң діни астанамыз – Түркістан қаласында 7 мың 800 шаршы метр салынып жатыр. Ол жерде 144 пәтер. Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында 36 мың 407 азамат баспана кезегінде тұр. Олардың 21 мыңнан астамы Шымкент қаласында тіркелген. Жалпы жеңілдік талаптарымен әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үйлерді салу үшін ұлттық қордан қомақты қаржы бөлінген. Бағдарлама бойынша құрылыс бес жылға жоспарланып отыр.

Демек, баспана кезегін күткен азаматтардың жаңа әрі жайлы үйде қоныс тойын өткізетін күні алыс емес

Загрузка...