Шымкент белсенділеріне митинг өткізуге үшінші рет рұқсат етпеді

81 просмотров

Шымкент әкімдігі қала белсенділерінің жерді сату жəне жалға беруге қарсы 30 шілдеде митинг өткізу туралы өтініштерін тағы қабылдамай тастады. Бұл туралы Азаттыққа белсенді Ибраһим Əлсерке хабарлады.

Ибраһим Əлсеркенің айтуынша, 7 шілде күні бірнеше қоғам белсендісі жер туралы Қазақстан заңнамаларының дұрыс орындалмағанына қатысты халық наразылығын жеткізу мақсатында Абай саябағының Даңқ мемориалы алаңында митинг өткізуге рұқсат сұрап қалалық әкімдікке өтініш берген.

— Əкімдік митинг өткізуге біз сұраған Даңқ мемориалының айналасындағы көгалды 30-31шілде күндері дәрілейтін болғандықтан рұқсат бермейтінін айтып өтінішімізді кері қайтарды. Әкімдіктің бұл жауабын тексеру үшін 30 шілде күні алаңға барамын. Біз заңды түрде рұқсат бермегенше әкімдікке өтініш білдіре береміз, — дейді белсенді.

Шымкент қаласы əкімдігі осыған дейін белсенділерге жерді сату жəне жалға беруге қарсылық ретінде екі рет — 21 мамыр және 6 шілдеде митинг өткізуге рұқсат бермеген еді.

Загрузка...