Шекараны сызғанда Өзбекстан аумағында қалып қойған қазақтар елге көшіріледі

57 просмотров

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өңір басшысы Б.Атамқұловтың төрағалымен Сарыағаш ауданы, Достық елді мекеніндегі шекара бойында 100 метр қашықтықта орналасқан үйлер бойынша шұғыл жиналыс өтті.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мәжілісте 2005 жылы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы шекара демаркацияланып, шекара сызығы анықталғаннан кейін онда қалып қойған Достық елді мекеніндегі 10 үйдің мәселесі қаралды.

Сондай-ақ, басқосуда аталған 10 отбасыны көшіру мақсатында Достық ауылына баратын Абай-Калхабад тас жолының екі жақ бетінен 80 га жерді беру үшін Достық елді мекенінің оңтайландырылған жоспары жасалғаны айтылды.

Жиында аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, аталған елді мекеннің тұрғындарымен кездесіп қайтқан облыс әкімінің орынбасары Ж.Бөкенбаев мән-жайды баяндады. Ол өз сөзінде тұрғындардың мүлкін заңдастыруға көмектесуін және мемлекет тарапынан өтемақы алып, басқа жерге көшіру туралы өтініштерін жеткізді.

Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары бұл аумаққа мемлекет есебінен газ, су тарту экономикалық жағынан тиімсіз болғандықтан бүгінге дейін ауыл тұрғындары көгілдір отынсыз және ауыз суды 3 шақырым қашықтықта орналасқан Ұшқын елді мекенінен тасымалдап ішіп келетінін айтты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс тобын құруды және ауыл тұрғындарын басқа жерге қоныстандырғанша ауыз сумен қоса сығымдалған газбен қамтамасыз етілуі қажеттігін айтты. Сонымен қатар, аудан әкімдігіне шұғыл түрде аталған үйлер бойынша түгендеу жұмыстарын жүргізуді және мүлікті заңдастыру бойынша құжаттарын рәсімдеуге көмектесуді тапсырды.

Загрузка...