Шекарааралық аудандардың жері бүтіндей мемлекеттің меншігінде болуы тиіс — Мұхтар Құл-Мұхаммед

22 просмотров

Жер реформасы жөніндегі комиссияның Астанадағы кезекті отырысында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, комиссия мүшесі Мұхтар Құл-Мұхаммед шекаралас аудандардағы жерлердің жайына алаңдайтынын айтты.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

— …Біздің талқылап отырған кодексімізде ол көрсетілмесе де, қазір қолданыстағы заңнама бойынша, шекарадан небәрі үш шақырым жерден ғана жерді жалға беруге болмайды, қалғанында Қазақстанның өз азаматтарына жалға беруге болады деген норма бар. Осыны пайдаланып, кейбір жерлерде жергілікті әкімдер сол жерді Қазақстан азаматтарына бердім деген желеумен шетелдік азаматтардың да үлесі бар компанияларға берді деген әңгіме бар. Мен қазір ешкімнің атын атап, түсін түсемей-ақ қояйын, оны тиісті құқық қорғау органдары тексеріп, жауабын беруі керек, — дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Басқа аудандардың жағдайы жайлы қолында толық ақпарат жоқ екенін алға тартқан комиссия мүшесі, әсіресе Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан, Үржар аудандары, Алматы облысындағы Алакөл, Жаркент, Нарынқол аудандарының жерлеріне алаңдайтынын айтты.

— Шекараның аузында отырған осы жерлерге ертең түрлі жағдайлармен шетелдің азаматтары болмаса да, кейбір әдейі жасырынған адамдар арқылы шетелдік компаниялар кіріп кетпеуі үшін, мен атаған бес ауданның жері түгелдей мемлекеттің меншігінде болуы керек деп есептеймін. Ауданның саны бесеу-ақ болғанымен, Еуропаның бірнеше мемлекеттері сыйып кететін жерлер. Сондықтан, жаңа заң жобасына осы ұсынысты енгізуді өтінемін,- деді Мұхтар Құл-Мұхаммед

Загрузка...